Қазақстан БҰҰ-ның жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына берік

Қазақстан БҰҰ-ның жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына берік
Сурет: Qazaqtv.com

Республика жаһандық ұйымның рөлі мен беделін нығайтуға үлес қосуды әрі қарай жалғастыруға ниетті.

Бұл туралы Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуының 30 жылдығына арналған салтанатты шарада еліміздің Женевадағы бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Мерейтойлық іс-шараға қатысушылар Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті одан әрі ілгерілету, сондай-ақ Сирия бойынша Астана процесі аясында бейбіт келіссөздер жүргізу мен конфессияаралық диалогты ынталандыру секілді бастамалардағы Қазақстанның маңызды рөлін атап өтті.

«30 жыл ішінде Қазақстан БҰҰ-ның беделді мүшесі болды. Осы жылдар ішінде көпжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіне, қарусыздану, тұрақты даму мақсаты мәселелеріне көп үлес қосты. Қазақстан – ядролық қарусыздану мен ядролық сынақтарға тыйым салған негізгі бастамашылардың бірі. Қазақстан аумағында көптеген үдеріс болғанын да білеміз. Сондықтан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан және қарусыздану мәселесі бойынша қажет шараларды қабылдап жатқан мемлекет ретінде Қазақстанның рөлі, әрине, қашанда өте маңызды екенін айтқым келеді», - дейді БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры Татьяна Валовая.

БҰҰ-ның және басқа да халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдері мен қарусыздану саласындағы сарапшылары Қазақстанның халықаралық бастамаларын қолдауға және оның халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтуға қосқан үлесі үшін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталды.

Сондай-ақ сарапшылар мен дипломаттар Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігі мен төрағалығының, Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүшелігінің нәтижелерінің маңыздылығын атап өтті.