Қазақстан астығы жаңа нарықтарға шығуы мүмкін

Қазақстан астығы жаңа нарықтарға шығуы мүмкін
Сурет: Kazakh-zerno.net

Биыл геосаяси жағдайға байланысты әлемдік нарықта бидайға сұраныс жоғары. 

Қазақстан астық экспорты бойынша Еуропа Одағы елдерінің жаңа нарықтарына шығу жолдарын пысықтап жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.   

«Қазақстандық бидай мен ұнның дәстүрлі импорттаушылары ретінде Орталық Азия елдері мен Ауғанстан саналады. Министрлік Қытайға, Кавказ елдеріне (Әзірбайжан, Грузия), Пәкістанға, Түркияға, Иранға экспорт көлемін ұлғайту, сондай-ақ ЕО нарықтарын ашу бойынша тиісті жұмыс жүргізіп жатыр», - деп аталып өткен аталған ведомствоның ҚазАқпарат агенттігіне берген жауабында. 

Биыл негізгі бидай өндірушілер болып саналатын Ресей мен Украинадағы геосаяси жағдайға байланысты әлемдік нарықта бидайға сұраныс жоғары. 

«Бұл фактор қазақстандық бидай мен ұн экспортының ұлғаюына әсер етті. Статистика деректеріне сәйкес, 2022 жылғы қаңтар-наурызда бидай экспорты 2 025 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе артық (2021 жылғы қаңтар-наурыз – 1 240 мың тонна). Осы жылғы 8 шілдедегі жағдай бойынша экспорт 3035,5 мың тоннаны құрады. Ұн бойынша да осындай жағдай, 2022 жылдың қаңтар-наурыз айларында 468 мың тоннасы экспортталды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 35,6 пайызға артық (2021 жылғы қаңтар-наурыз – 345 мың тонна). Биылғы 8 шілдедегі жағдай бойынша экспорт 784,7 мың тоннаға жетті. Осы орайда енгізілген шектеу шараларына қарамастан, биыл дәстүрлі түрде өнім өткізілетін нарықтарда бидай мен ұн экспортының қарқыны сақталады», - деп аталып өткен АШМ мәліметінде.