Қазақстан әуе кеңістігі қандай күйде?

Қазақстан әуе кеңістігі қандай күйде?
almaty-akshamy.kz

Ертең – Азаматтық авиация күні

Ертең – өз өмірлерін аспанмен байланыстырып, әуе көлігімен жолаушыларды тасымалдап жүрген азаматтық авиация қызметкерлерінің айтулы мерекесі. Бұл күн БҰҰ Бас ассамблеясының шешімімен 1996 жылдан бастап жыл сайын атап өтіліп келеді. Авиация азаматтық авиация және әскери авиация болып екіге бөлінеді. Азаматтық авиацияға көліктік, санитарлық, оқу-спорттық, арнайы мақсатқа арналған, ал әскери авиацияға әуе күштері, теңіздік, армиялық, әуе шабуылынан қорғануға арналған ұшу аппараттары жатады. Еліміздің азаматтық авиация нарығы жыл сайын дамып келе жатқанымен, жолаушы тасымалы әлі күнге бірізділікке түсе қоймады. Бүгінде бұл салада әуе рейстерінің кешігуі мен билет құнының қымбаттауы ең басты мәселелердің біріне айналды.

Кешікпейтін рейс керек

Бүгінде елімізде 55 авиакомпания жұмыс істейді. Авиарейстерді аптасына 617 рейс жиілігімен 57 бағыт бойынша 6 отандық авиакомпания орындайды. Халықаралық рейстер аптасына 490 рейс жиілігімен 112 бағыт бойынша 28 елде орындалады. Олардың қатарында Түркия, БАӘ, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, Қытай, т.б. мемлекеттер бар.

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, 2022 жылдың 8 айында отандық әуекомпаниялар тасымалдаған жолаушылар саны 6,9 млн адамды құрады.  Мәселен, «Air Astana» компаниясы шамамен 2,7 млн, «FlyArystan» 2,1 млн, ал «SCAT» авиакомпаниясы 1,8 млн жолаушы тасымалдаған.

Аталған кезеңде еліміздің әуежайларында қызмет көрсетілген жолаушылар саны 13,1 млн адамды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 13 пайызға артық (2021 жылы – 11,6 млн адам). Десе де, әуе тасымалының ұлғаюымен қоса, рейстердің кешігуі де жиілей бастаған. Рейстер бірнеше себеппен кешігіп шығуы мүмкін. Біріншісі ауа райының қолайсыздығы (қатты жел, тұман, боран және басқалары) немесе аяқ астынан туындаған және алдын алу мүмкіндігі жоқ техникалық себеппен, оған ұшақты ауыстыру да жатады. Кейде бір ұшақтың кесірінен одан кейінгі рейстер бірінен кейін бірі кешігеді. Мәселен, Ыстамбұл - Алматы бағытындағы рейс әуежайда жүк тиеушілердің жетіспеуінен бір сағатқа шегеріледі. Бұл ұшақта Алматыға жеткен соң әрмен қарай Қызылордаға ұшатын 30 шақты жолаушы бар. Тиісінше, транзит жолаушыларды әкету үшін Алматыдағы бортты кідіртуге тура келеді. Соның кесірінен екі рейс кешіктіріледі. Жолаушылардың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндірмеу үшін жүргізілетін жұмыстардан да кешігу болады. Кейде жолаушы ұшаққа мініп, кейін ұшудан бас тартуы мүмкін. Жағдайды ушықтыратын факторлар қатарында Қазақстан әуежайларындағы ұшу-қону жолақтарын жөндеу, қарбалас мерзім кезінде әуежайлардың жабылуы және құстармен соқтығысудың көбеюі сынды себептер аталады. Air Astana мәліметінше, компания ұшақтарының құстармен соқтығысу саны өткен жылмен салыстырғанда 22,3%-ға өскен. Осы және басқа да мәселелерге байланысты ұшақ рейстерінің кешігуі орын алып тұрады.

Қазақстан Авиация әкімшілігіндегі тасымалдау департаментінің директоры Нұржан Малаевтың айтуынша, жыл басынан бері азаматтардан әуе компанияларының қызметіне байланысты мыңнан астам шағым түскен.                       

Шағымдардың көбі Air Astana және FlyArystan компаниялары рейстерінің кешігіп, жолаушыларға тиісті қызметтер көрсетілмегендігі жайлы болды, – дейді ол. Биыл тамыз айында Air Astana басшылығы ұйымдастырған баспасөз конференциясында әуе компаниясы рейстердің кешігуі бойынша мәселе бар екендігін мойындады (конференция жөніндегі мақала газетіміздің 2022 жылғы 6 тамыздағы №90 нөмірінде жарияланған). Онда әуе компаниясының ұқыптылық көрсеткіші (кесте бойынша уақытылы ұшып-қонуы) 2015-2016 жылдары 92-91% болса, одан кейін бұл көрсеткіш төмендей берген. 2018-де 86%, 2020 мен 2021-де 85%, биыл жартыжылдық көрсеткіш бойынша 74%-ды құрады. Әсіресе, жазғы уақытта рейстердің кестесі жиі бұзылған. Наурыз айында жолаушылардың 87% уақытылы жолға аттанса, маусым мен шілдеде бұл көрсеткіш 66%-ды ғана көрсеткен. Дегенмен, Air Astana басшылығы айтылған мәселені шешу үшін жұмыс істеліп жатқандығын да айтқан.  

«Air Astana-ның бүкіл командасы рейстерді уақытылы орындау үшін жұмыс істейді. Кешігулер санын азайту үшін және қызмет көрсету сапасын арттыру үшін біз рейстер санын қысқартып, Airbus A320 резервтік ұшағын бөлдік. Сондай-ақ, рейстердің кешігуіне байланысты жедел желі аштық. Жолаушылар сағат 8.00-ден 24.00-ге дейін +7 (7272) 44-44-78 нөміріне хабарласа алады», – деп Air Astana компаниялар тобының президенті Питер Фостер хабарлаған болатын. 

Өз кезегінде Азаматтық авиация комитеті де рейстердің кешігу мәселесін шешуге мән берген. Шілдеден бастап рейстердің кешігуі салдарынан жолаушылардың құқықтары сақталмағандықтан, қазақстандық авиакомпанияларға 8 мың АЕК (24 504 000) сомасына дейін айыппұл салынды. Бұған қоса ҚР ИИДМ ұйымдастырған «Ашық сағат алаңында» рейстер кешіктірілген жағдайда жолаушылардың жауапкершілігін күшейту жөніндегі қазіргі заңнаманы жетілдіру бойынша жоспарлар да айтылды. Айта кеткен жөн, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жолаушылар жұмсалған әр сағат үшін билет құнының 3% мөлшерінде (айыппұл түрінде) өтемақы алуға құқылы.

«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңына сәйкес  рейстің кешігуіне әуе компаниясы кінәлі болған жағдайда жолаушыларға салқын сусындар, ыстық тамақ, қонақүйде тұру мен оған барып, қайтуға дейін көлік тегін ұсынылуы тиіс», – деп ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің авиациялық тасымалдар басқармасының басшысы Әділет Көбенов әуе компанияларына нақты талапты түсіндірген.

Осы ретте айта кететін жайт, «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңның 86-бабына сәйкес, егер рейс екі сағаттан астам уақыт кешіксе, жолаушыларға салқындатылған су берілуі керек. Төрт сағат кешіксе, ыстық тамақ берілуі тиіс. Түнде алты сағатқа немесе күндіз сегіз сағат кешіксе, қонақүйден орын берілуі керек. Егер әуе компаниялары заңда бекітілген осы қызметтерді көрсетпесе, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 567-бабына сәйкес, айыппұл салынады.

 Арзан билет арман ба?

Азаматтық авиация саласында көпшілікті  қынжылтып жүрген мәселенің тағы бірі – билет құнының тым қымбат болуы. Осы мәселе жайында газетіміздің тұрақты оқырманы хат жолдаған болатын: 

«Жазғы демалыста шетелге саяхаттауды жөн көріп, авторлық турмен жолға шықтым. Біз межелеген жерге бару үшін алдымен қарт Каспийдің жағасында орналасқан Ақтау қаласынан ұшуымыз керек болды. Пойызбен барсақ үлгермейміз, амалсыздан әуе көлігіне жүгіндік. 2,30 сағатта жетіп барғанымыз 50 мың теңге айналасында шықты. Қайтадан Ақтау қаласынан Алматыға ұшатынымыз осы ақшада шықты. Үлкен жолға шыққан біздерге бұл ақша қомақты көрінді. Өзіңіз демалуға бара жатырсыз, дегенмен де өз елімізде-ақ жарты ақшамыз әуе билетіне жұмсалып кеткені көңілімізді қынжылтты», – дейді Дана Ақжолова есімді оқырман.

Мамандардың айтуынша, билет бағасы нақты бағыттар бойынша сұраныс пен ұсынысқа, маусымдық және тәуліктік сұраныстың ауытқуына, билет сатып алу кезіндегі борттағы жүктеменің артуына байланысты белгіленеді. Сондай-ақ, оның құны аэронавигациялық және әуежайдағы түрлі қызметтерден, авиажанармай мен амортизациялық шығындардан құралады.

Бүгінде әуе билеттерінің бағасы арнайы реттелмейді, авиатасымалдаушылар динамикалық баға белгілеуді қолданады. Былайша айтқанда, билеттердің құны нарықтағы сұранысқа қарай автоматты түрде реттеледі. Тек ҚР Кәсіпкерлік Кодексінің талаптарына сәйкес, бәсекелестікті қорғау бойынша ҚР заңнамасы бұзылған жағдайда ғана монополияға қарсы ден қою шаралары қолданылатын болады.

Айтылған мәселе бойынша Азаматтық авиация комитеті өзге пікірде. Олардың айтуынша, қазақстандық тасымалдаушылардың тариф құны шетелдік авиакомпаниялармен салыстырғанда едәуір төмен.

«Азаматтық авиация комитеті өкілдері билет сататын сайттардағы қазақстандық авиакомпаниялардың халықаралық және ішкі бағыттардағы жол жүру құжатының бағасына салыстырмалы талдау жасады. Талдау барысында Астана – Алматы бағытындағы 30 қазандағы әуе билетінің құны 17 500 теңге мен 47 800 теңге аралығында екендігі белгілі болды. Ал Air Astana компаниясының Астана–Ыстамбұл–Астана бағытындағы 2 және 9 қараша күндердегі билет бағасы 274 000 теңгені құрап отыр. Бұл сәйкес дата мен сәйкес бағыттағы өзге шетелдік әуе компаниясының билет бағасынан екі есе төмен», – дейді ААК.

Сондай-ақ, таяу күндері ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев шетел лоукостерін тарту арқылы елімізде әуе көлігіне билет құны арзандайтынын айтқан.

«Қазір тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бізде ұлттық оператор сегменті бар, сондай-ақ лоукостер сегменті ескерілген. Атап айтқанда, «ашық аспан» режимі аясында жолаушыларды тасымалдауға қатысты тиісті рұқсат тәсілдерін енгіземіз. Мәселен, лоукостерлер бір елден ұшып келіп, біздің ел арқылы басқа мемлекетке сапарлай алады, яғни Еуропаға немесе Түркияға әуе көлігімен бару мүмкіндігі қамтылмақ. Лоукостер болғандықтан, билет құны әлдеқайда арзан болады. Бұл қадамдарды келесі жылдан бастап іске асыру жоспарланып отыр», –  деді Қ.Өскенбаев.

Осы орайда ел ішіндегі ең арзан билеттер мемлекет тарапынан субсидияланатын бағыттарда болатынын айта кеткен жөн. Биыл елімізде 23 ішкі бағытта орындалатын рейстер субсидияланды, бұл бағыттарда билет құны 8 мыңнан 25 мың теңге шамасында болды. Оның ішінде 6 бағыттың Алматы қаласымен байланысы бар: Алматы-Петропавл (25 мың), Алматы–Көкшетау (25 мың), Жезқазған–Алматы (20 мың), Алматы–Үшарал (10 мың), Алматы–Балқаш (14 мың), Алматы–Тараз (9 мың).


Қалай арзанырақ билет сатып алуға болады?

1) Бағаның белгіленуі ұшатын айға тәуелді, бірінші класс пен бизнес-класты күні бұрын брондауға кеңес береміз. Эконом-кластағы әуе билетін сатып алуды да ұзаққа созбаған жөн – мұны 2-4 ай бұрын орындаңыз.

 2) ALA-ALA бағытындағы ұшаққа арналған ең арзан билеттер сәрсенбі және бейсенбі күндері қолжетімді. Әдетте, демалыс күндері олардың бағасы қымбатырақ болады.

 3) Әр бағытқа жеке-жеке билет сатып алғаннан гөрі, бірден екі жаққа билет сатып алған тиімдірек.

Әуе қауіпсіздігі маңызды

Пойызға мінуден тежелетін не көлікпен жүруге қорқатын адамдарды күнделікті көре бермейміз. Ал әуедегі ұшақты қолданбай, айналып өтуге тырысатын тұлғалар керісінше жиі кездеседі. Тіпті, әуе кемесіне байланысты қорқынышқа «аэрофобия» атты жеке термин берілген. Алайда, әлемдік зерттеу бойынша, ұшақ – жер бетіндегі ең қауіпсіз көлік. Әр жолаушы үшін ұшақ апатының құрбаны болу қауіпі 11 миллионға шамамен 1 жағдайды құрайды, яғни барлық көлік түрлерінің арасындағы ең төмен көрсеткіш. Дәл осындай жол-көлік апатының қаупі 1:5000 екен. Дегенмен, көпшілік арасында әуе көлігіне деген сенімсіздік бар. Өкінішке қарай, көлік апаты жиі болғандықтан, оны адамдар қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Ал әр ұшақ апаты, әсіресе, жолаушы тасымалдайтын көлік кемелері апатқа ұшыраса, ол қоғамда үлкен резонанс тудырады

ASN (авиациялық оқиғаларды бақылайтын халықаралық сайт) деректеріне сүйенсек, 1941–2022 жылдары Қазақстан аумағында азаматтық, әскери және ауыл шаруашылығы ұшақтарының қатысуымен барлығы – 89 әуе кемесінің апаты болған, оның 50-і адам шығынымен аяқталған (статистика тиісті кестеде көрсетілген). Жалпы 81 жыл ішінде Қазақстан аумағында болған ұшақ апатынан 804 жолаушы қаза тапқан. Ал ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің дерегінше, 2022 жылдың 8 айында жол-көлік оқиғасынан 874 ер адам, 320 әйел және 113 бала қайтыс болды. Яғни 80 жылдық әуе апатының көрсеткішінен жол-көлік оқиғасының бір жылдық есебі асып түседі.

ASN сайтында жарияланған өзге де деректерге назар аударсақ, 1991 жылдан бері елімізде орын алған әуе апаттарының жалпы саны – 37, оның ішінде көбіне (25 рет) негізінен жүк тасымалына маманданған «Антонов» компаниясының ұшақтары жер құшқан. Сондай-ақ, 1991 жылдан бергі қайғылы әуе оқиғаларының 7-еуі Алматы әуе айлағында не қала маңында орын алған. 2019 жылғы 27 желтоқсан күні «Bek Air» әуе компаниясының Fokker-100 ұшағының жер үйге соғылуы – Алматыда орын алған соңғы әуе апаттарының бірі болды. Оқиғаны екі жылдан астам зерттеген комиссияның қорытындысы биыл сәуір айында ғана айтылды:

«Bek Air» АҚ әуе кемесімен болған авиациялық оқиға ұшақ әуеге көтерілген кезде қанатының күш түсетін қасиеттерінің симметриясын жоғалтуы нәтижесінде орын алғаны анықталды. Соның кесірінен ұшақ ұшу-қону жолағынан көтерілгеннен кейін фюзеляжға құлап, қар басқан топырақтың бетімен оңға қарай ауып кеткен, одан кейін әуежайдың периметр бойынша қоршауын бұзып, аталған қоршаудан 9-10 метр қашықтықта орналасқан екі қабатты жеке меншіктегі құрылыс нысанына соғылған. Комиссия қорытындысына сәйкес, ұшақ қанатының күш түсетін қасиеттерін жоғалтуының себебі жер үстіндегі мұзданудың әсері болуы ықтимал», – деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.

Ал биыл елімізде жыл басынан бері бір ұшақ апаты болды. Ақпан айында Ан-2 ұшағы Арал қаласынан оңтүстікке қарай 10 км жерге қонған кезде өртенген. ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті хабарлағандай, оқыс оқиғадан зардап шеккендер болған жоқ.

Десе де, Қазақстанның қазіргі әуе қауіпсіздігі әлемде жоғары бағаланады. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес биыл Қазақстанның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейі 74%-дан 84%-ға дейін артты. Бұл көрсеткіш орташа әлемдік деңгейден 15% жоғары және Еуропа елдерінің деңгейімен сәйкес келеді. Атап айтқанда, еліміз Нидерланды (87%), Бельгия (87%), Португалия (87%), Чехия (87%), Латвия (86%), Дания (85%), Исландия (84%), Польша (84%), Словения (82%), Кипр (82%) сияқты елдермен бір қатарда.

Алдағы уақытта бұл көрсеткіш тек өсе береді деп сенеміз. 2019 жылғы «Bek Air» әуе компаниясына тиесілі Fokker-100 ұшағының тағдырын қайталамас үшін әр әуе компаниясы, әр әуежай мен әуе бортының қызметкері, жауапты мемлекеттік органдар өз міндеттерін аса мұқият атқарады деп сенеміз.

P.S. Қазақстан әуе кеңістігінің бүгінгі күйіне, ондағы негізгі сұрақтарға шолу жасап өттік. Біз көрсеткен өзекті мәселелер жауапсыз қалмайды деп үміттенеміз. Сондай-ақ, әуе кемесін басқарып, таңертең Алматыда ас ішіп, кешке Астанада қонатын ұшқыштарды және азаматтық авиация саласының барлық қызметкерлерін мерекелерімен құттықтаймыз.

Керек-дерек

Әуе саласына қатысты қызықты деректерді назарларыңызға ұсынамыз:

  • Басқарылатын әрі өз бетімен ұша алатын әлемдегі алғашқы ұшақ америкалық ағайынды Орвил Райт пен Уилбур Райт құрастырған «Flyer 1» болды. Тарихтағы алғашқы ұшақ 1903 жылы 17 желтоқсанда ұшты. Ал ағайынды Райттар әлемдегі ең алғашқы ұшқыштар ретінде танылды.
  • Ан-225 «Мрия» (арман) – әлемдік авиация тарихындағы ең үлкен және ең ауыр жүк көтеретін ұшақ. Әуе кемесі КСРО-да жобаланып, 1988 жылы Киев механикалық зауытында құрастырылған.
  • Әлемде күн сайын ұшақтар 120 мың рейс жасап, шамамен 12 миллион жолаушы тасымалдайды. Күнделікті әр 2 секунд сайын бір ұшақ бір жерге ұшады немесе қонады.
  • Сауд Арабиясында әйелдерге ұшақты басқаруға рұқсат етілген, бірақ оларға көлік жүргізуге болмайды.
  • Халықаралық рейстерде ұшатын ұшқыштар диспетчерлермен тек ағылшын тілінде сөйлеседі.
  • Биылдан бастап «Almaty aqshamy» және «Вечерний Almaty» газеттері «Air Astana» жолаушыларына сандық нұсқада қолжетімді.

 

Әзірлегендер  Досбол АТАЖАН, Ақтолқын ТҰРЛЫҒАЗЫ.

ASN сайты ұсынған бір жылда қайғылы оқиғамен аяқталған апат кестесі