Қазақстан әскерінде он екі мыңнан астам әйел қызмет етеді

Қазақстан әскерінде он екі мыңнан астам әйел қызмет етеді
Сурет: Gov.kz

Қорғаныс министрлігінде әйелдерді құттықтады.

Халықаралық әйелдер күніне орай Қорғаныс министрлігінде осы саладағы қыз-келіншектерге арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Отан қорғаушы деген қастерлі мамандық ерлерге ғана тән емес. Бүгінде әскердегі қыз-келіншектер Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігі мен қорғаныс қабілетін нығайтуға лайықты үлестерін қосып келеді. Олар өздерінің еңбексүйгіштігімен және жауапкершілігімен ерекшеленіп жүр», – деп атап өтті салтанатты шараны ашқан Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Марат Құсайынов.

Бас штаб бастығы әскери қызметшілердің аналары мен жұбайларына Отан қорғаушылардың күнделікті қызметіне көрсеткен қолдауы үшін алғысын жеткізді.
Сонымен бірге, генерал-лейтенант Марат Құсайынов Қарулы Күштерде белсенді қоғамдық қызмет атқаратын бірқатар әскери қызметшілердің әйелдеріне «Отан қорғаушысының аяулы жары» төсбелгілерін табыс етті.

Бүгінде қазақ әскерінде он екі мыңнан астам әйел қызмет етеді. Олардың сегіз жүзге жуығы – офицер. Оның ішінде жиырма полковник, бес мыңға жуық азаматтық қызметкер бар. Біріккен ұлттар ұйымының Батыс Сахара мен Ливандағы миссияларына штаб офицерлері мен әскери бақылаушылары ретінде төрт әйел қатысты.

Қазіргі уақытта нәзік жандылар барлық әскер түрлері мен тектерінде қызмет етеді. Олар мерген, барлаушы, десантшы, әскери ұшқыш сияқты ер-азаматқа тән мамандықты меңгеріп, бітімгершілік миссияларды абыроймен атқарып жүр.