Қазақстан әскерилеріне жаңа үлгідегі техника берілді

Қазақстан әскерилеріне жаңа үлгідегі техника берілді
Сурет: Gov.kz

Жеке құрам оларды пайдалануды оқып-үйренді.

Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің жарақ құрамы биологиялық барлау машиналарының заманауи кешендерімен толықты, деп хабарлады Almaty-alshamy.kz.

««Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын іске асыру аясында Қорғаныс министрлігі Қазақстан әскерін техникалық және жауынгерлік жарақтандыру мәселелерін пысықтауда. Отандық үлгідегі қару-жарақ әзірлеу басым бағыт болып табылады», - делінген министрліктің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Мамандардың айтуынша, отандық «ОТС NETWORK» компаниясы биологиялық барлау кешендерін әзірлеп шығарды. Олар әскерлердің қажеттіліктеріне қарай зияткерлік ақпараттық технологияларды қолдана отырып жобаланды.

Биологиялық сипаттағы төтенше жағдай аумағындағы арнайы техника патогендерді анықтау және оларды шұғыл талдау үшін зертхана жарағымен, жедел түсірілім жүргізуге қажетті шолу бейнекамерасымен жабдықталған. GPS/Глонасс терминалының биологиялық зақымдау аймақтарының деректерін тіркеу және жерсеріктік байланыс жүйесі арқылы мәліметтерді жедел беру мүмкіндігі бар. 

Қазіргі уақытта мобильдік кешендерді жинақтау мен жұмысқа қабілеттілігін тексеру сынақтары аяқталды. Жеке құрам оларды пайдалануды оқып-үйренді. Жуырда арнайы жабдық мақсатқа сәйкес қолдану үшін әскерлерге жіберіледі.