Қазақстан әскерилері Түркиядағы оқу-жаттығуға қатысуда

Қазақстан әскерилері Түркиядағы оқу-жаттығуға қатысуда
Сурет: Inform.kz

Қазақстан Қарулы күштерінің жауынгерлері Түріктің Измир қаласындағы «Доғанбей» полигонында өтіп жатқан «Эфес – 2022» көпұлтты жауынгерлік оқу-жаттығуына қатысуда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Оқу-жаттығу әскери шеберлік пен жауынгерлік машық деңгейін арттыруға, сондай-ақ арнайы операциялар күштері бөлімшелерінің жауынгерлік даярлығын жетілдіруге бағытталған. Одан бөлек, маневрлерге қатысу әскерлердің белгілі бір тобының құрамында өзара іс-қимылды ұйымдастыру тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді», - делінген ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпаратында.

Бірінші кезең компьютерлік техника мен электрондық-есептеу жүйелерін қолдану арқылы командалық-штабтық оқу-жаттығу түрінде өтеді. Ал екінші кезеңді біріккен бөлімшелерде жауынгерлік атыспен бірге практикалық іс-қимыл түрінде өткізу жоспарланған. Ал 28 мамыр - 9 маусым аралығына жоспарланған белсенді фаза барысында әскери қызметшілер құрлықтағы және теңіздегі операцияларды бірлесіп пысықтайтын болады.

Биыл «Эфес – 2022» оқу-жаттығуына шамамен 40 елдің әскери қызметшілері қатысып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2022 жылғы 19 қаңтарда Қазақстан Қарулы күштерінің құрылымында арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылғанын атап өткен жөн.