Қазақы пайым. «Тобылғы жарған»

Қазақы пайым. «Тобылғы жарған»
na-dache.pro

"Тобылғы жарған" амалы келді. 2-3 күнге созылған суық жел соғады. Осы кезде түз ағашы – тобылғы бүршік жарып, өсімдіктер тамыр жаяды. Ары қарай шуақты көктемнің шырайы кіре бастайды

Сәуір айының соңғы күндері суық жел соғып, ол 2-3 күнге созылады. Осы кезде тобылғы ағашы бүршік жарып, өсімдіктер тамыр жаяды. Жерге көк шығады. Бұрынғы көнекөз қариялар табиғаттың бұл құбылысын «Тобылғы жарған» деп атаған...

«Сәуір айы – жауын айы» деп бекер айтпаса керек, айдың жауын-шашыны мол болып тұр. Өткен пайымымызда: «...Сәуір айының 25-інен «Сәуір» деген амал басталады. Найзағай ойнап, жаңбыр жауып, қатты жел тұрады...» деген болатынбыз. Сондай-ақ, бұл амалдың жақсылығына бақса, алты күнге, жақсылығына бақпаса, алпыс күнге созылатын қауіпті екенін, «Қырық сәуірік, бір мырза» деп аталған қайғылы аңыз осы амалдың ішінде екенін ескерткенбіз. Болжамымыз айна-қатесіз келді. Үздіксіз жауын-шашын болып, Алатау бөктерлерінде жаңбырдың соңы қарға ұласты.

Алматыда 25 сәуірде нөсер жауынның салдарынан 50-ден астам учаске су астында қалды. Жергілікті жерлерде коммуналдық қызметтер мен мердігерлік ұйымдар жедел жұмыс істеуге мәжбүр болды. Осы орайда, қала кәсіпорындары мен мекеме жетекшілерінің қаланың бас басылымы – «Almaty aqshamy» газетін оқып отырғаны абзал дер едік.

Жоғарыда айтқанымыздай, сәуір айының соңғы күндері суық жел соғып, ол 2-3 күнге созылады. Бұл «тобылғының бүршік жаруы». Кеңшілік ақын (Мырзабеков) өзінің «Тобылғы сайға барғанда» деген өлеңінде:

«Дүр етіп лезде, бүр жарған кезде дүзген, тал,

Тобылғы сайға торыңды сайлап қызбен бар.

Қолаң шағыр мен қоламта күлгін көкпектің

Арасында аршын тұяқтар тиген іздер бар.

Тұяқтар теуіп тастаған таспа топырақ

Қияқтар көміп, қаңқасы кеуіп жатып ап,

Шаңқай түсте шекесі шып-шып қызғанда

Қалқалайды кеп қызғаншақ түйежапырақ...», – деп жырлапты. «Тобылғы жарған» амалының бар болмысы осы 8 шумаққа сыйып тұр.

Аспан денелерінде үздіксіз қозғалыс орын алуда. Бұл осы ай біткенше жауын-шашынның бола беретінін аңғартса керек. Өткенде туған жаңа айды көргеніміз бар. Басы ғана қылтиып, шалқалап жатыр екен. Сәуірдің құбылмалы, шаруаға қолайсыз болатынын ол да аңғартып жатқандай.

Қазір Алматыда жеміс ағаштарының бәрі гүлдеп, түйнек сала бастады.

«Бозқараған көрдің бе, бозқараған,

Бозқараған бұтағын қозғама, адам!

Бозқараған ішінен бозбалалар

Бойжеткенге бозарып көз қадаған...», – деп қайран Мұқағали жырлаған бозқараған гүлдеп, Алматының сәнін кіргізіп тұр.

Күн райы бұзыла қалған жағдайда олардың қауіпсіздігін ойластыру керек. Кейбір бағбандар бақ ішінде түтіндік салған. Түтіннің жылуымен жеміс ағаштарын сақтап қалған.