Қазақы пайым. Алатауға бұлттар бауыр басып қалғандай...

Қазақы пайым. Алатауға бұлттар бауыр басып қалғандай... pikabu.monster

Ақ шуда қысыр бұлттар емес, нөсер тілеген көкала бас қорғасын бұлттар шың басын қымтап алған.


Алматыда биылғы жаз жауын-шашынды, найзағайлы болып, ауа райы құбылмалы қалпын әлі сақтауда. Алатаудың басынан бұлт кетпей тұр. Бұлт болғанда да ақ шуда қысыр бұлттар емес, қорғасын түстес көкала бұлттар. Тау бөктерлері мен шатқалдарын салқын самал еншілеген. Түнге қарай тіпті салқындап кететін көрінеді.


«Алдағы аптада аптап ыстықпен бірге нөсерлі жауын, өкпек жел, салқын самал болуы әбден мүмкін. Найзағай ойнап, күн күркіреуі де ғажап емес...» дегенбіз өткен жолғы пайымымызда. Солай болды да, 24 маусымда екінті кезінде екпіндете басталған нөсер алматылықтардың есін шығарды...


Ертеңнен бастап шілде айы табалдырықтан аттайды.


«Құрт, ірімшік қайналды,


Құлындар да байланды.


Жапырақтар жалпайды,


Жас қозылар марқайды...», –


деп басталатын шілде көрінісі туралы тамаша жыр бар. Табиғат жыршысы Ілияс ақынның (Жансүгіров) «Жазғы шілде» деген өлеңі бұл. Шілде өте ыстық ай, оның ыстығы 40 градуска жететін болғандықтан әрі 40 күнге созылатындықтан, бұрынғылар «қырық күн шілде» деп атаған. Маусым айының 26 жұлдызынан тамыз айының 5 жұлдызына дейін ауа райы өте ыстық болады. Иә, бұл болжам бойынша, қазақы пайым осылай дейді. Ал шын мәнінде әлі аспан толық әрі тұрақты ашылар емес, жаңбыр басылар емес.


Өтіп бара жатқан айдың 26-сынан бері «Бас шілде» амалы жүріп жатыр. Амал кезінде қапырық ыстық болады. Кейбір жылдары қоңыржай қалыпта өтеді. Ел арасындағы ауа райын бақылайтын есепшілер бас шілденің қалай өтуіне қарап, шілде айындағы күн райын болжайтын болған.


«Арудан асқан жан бар ма?


Жылқыдан асқан мал бар ма?


Биенің сүті – сары бал,


Қымыздан асқан дәм бар ма?», – деп, Ақтамберді жырау толғағандай, ел жайлауларында құлын байланып, бие сауу жүріп жатыр. Қымыздың жүз ауруға ем екенін дәрігерлер айтып жүр.


Саумал – сал ауруларына, жүрек пен асқазан жарасына, бауыр мен өкпе ауруларына мың да бір шипа. Буын мен қаназдық дертіне де дауа.


Бүгін ай күнтізбесі бойынша, жаңа айдың 1-і. Ал қолданыстағы күнтізбе айдың соңғы күнін – 30-ын көрсетіп тұр. Әр айдың ортасы мен басқы кезі, әлбетте, өзгеріссіз болмайды. Демек, алдағы аптаның жаңбырлы болатынын меңзеп тұр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:11

19:41

19:13

18:41

18:41

18:17

18:12

17:26

17:26

17:23

17:22

17:12

16:50

16:00

15:20

15:05

14:36

14:35

13:45

13:23

12:51

12:45

12:37

12:14

12:04