Қазақы итке көңіл бөлінуде

Қазақы итке көңіл бөлінуде
Суреттер: Рromislovik.info

Жеті қазынаның бірі қазақы иттер мемлекеттік деңгейде қорғауға алынуы мүмкін

Көкшетаулық Ерғазы Баймол 10 жылға жуық тазы баптаумен айналысып келеді. Қазір оның 4 бірдей аңшы иті бар. Айтуынша, асылтұқымды ит асырау бүгінде екінің бірінің қолынан келмейді. Себебі бір тазының тамағының өзіне жылына 100 мың теңгеден астам қаржы кетеді. Одан бөлек күтімі мен тасымалдауы тағы бар, деп хабарлайды  Almaty-akshamy.kz.

«Ет көбінесе. Вакцинасы болады жыл сайын салынатын. Түрлі жарысқа қатысып жүргеннен кейін сол кезде алыс жерлерде, басқа облыстарда болған жарыстар болады, соның барлығына өз қаражатымызбен барамыз. Кейде сол қаражат болмаған соң жарыстарға қатыса алмай қалатын күндер де болады», - деді итбегі Ерғазы Баймол.

Осылай деген жас итбегі мемлекеттік қолдаудан үмітті. Бірақ сол үміт ақтала ма? Жауапты министрлік Астана өкілдерінің сөзінше, қазақы иттерді қорғауға қажет деген 1,4 млрд теңге – саланың 3 жылдық бюджеті. Ал ол тазы мен төбетті сақтап, көбейтумен айналысатын арнайы ғылыми орталыққа және итбегілер арасында түрлі іс-шаралар өткізіп, ұлттық саятшылық өнерді дамытуға атсалысып жүрген қоғамдық бірлестіктерге үлестірілмек.

«Көптеген сұрақ туындап жатыр. Ақша қалай ұсталынады? Ақша қайда барады? Ақша басқа жаққа кетіп қалмай ма? Ол өзі көп те ақша емес. Бірақ оны өте тиімді пайдалану керек. Әрбір 3-4 ит ұстап отырған кісілерге берсе, ақша талан-таражға кетіп қалады. Олар үлкен бір ұйымға жиналу керек. Менің өз ойым. Бірақ болашақта бұл мәселе де қаралатын шығар деп ойлаймын», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжанов.

Ал тазы өсірушілердің мүддесін қорғап жүрген федерация төрағасы Алмас Оралбектің айтуынша, «Қазақы иттерге мемлекеттік қолдау көрсетіледі» деген хабар тарағалы бері елімізде түрлі ұйымдар қаптап кеткен. Олардың тек қағаз жүзінде ғана жұмыс істемесіне кім кепіл?, - дейді сарапшы. Саланы дамытамыз десек, ең алдымен кәсіби мамандар қажет.