«Қазақфильмге» жаңа міндеттер жүктеледі

«Қазақфильмге» жаңа міндеттер жүктеледі
Сурет: Aikyn.kz

«Қазақфильмге» декорацияларды, павильондарды, сахналық заттарды сақтау жүктеледі.

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында кинематография және мәдениет мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Атап айтқанда, «Қазақфильмді» саладағы мемлекеттік қорын сақтауды жүзеге асыратын заңды тұлға ретінде анықтау ұсынылған. Өз кезегінде «Қазақфильм» бұл қызметті ондаған жылдар бойы табысты атқарып келді. Сонымен қатар жаңғырту аясында олар фильмдерді цифрлы нұсқаға ауыстыру құрылғысын сатып алды және отандық киноның алтын қорын біртіндеп цифрлы форматқа ауыстыру мүмкіндігі пайда болды», - деді Д. Абаев.

Сондай-ақ ол ұлттық фильмдер түсіруде сатып алынған сахна-қойылым құралдарын сақтау және пайдалану мәселесін реттеу ұсынылып отырғанын айтты.

«Бұл жерде декорациялар, павильондар, сахналық заттар туралы сөз болып отыр. Бүгінде түсірілім аяқталғаннан кейін барлық жабдық студияларға беріледі немесе иесіз қалады. Осы орайда, түсірілімнен кейін қалған сахналық-қойылымдық құралдарды сақтауды «Қазақфильмге» тапсыру ұсынылады», - деді министр.