"Қазақфильмде" қысқаметражды дебюттік фильмнің түсірілім кезеңі аяқталды

"Қазақфильмде" қысқаметражды дебюттік фильмнің түсірілім кезеңі аяқталды
Сурет: Elorda.info

Қысқаметражды «Мереке» фильм-дебюті көрермендерге келер жылдың басында жол тартады.

Қысқаметражды кинокартина ҚР Мәдениет және спорт министрілігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығының қолдауымен «Қазақфильм» киностудиясында түсірілді. Фильм-дебютына бір апта уақыт кетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. Elorda.info сілтеме жасап. 

Басты рөлдерді танымал актерлер Дулыға Ақмолда мен Данияр Бектенов сомдады. Жобаға 40-тан аса адам жұмылдырылды.

Киностудияның мәліметінше, қарапайым оқиғадан бастау алатын фильм адам болмысындағы кішкентай философияны қозғайды. Басты кейіпкер 7 жасар Айдар – жергілікті кәсіпкер Сәкен мен үй шаруасындағы әйел Әлияның жалғыз ұлы. Оқиға көрерменге адам оның мұрасы емес, адам - жадымыздағы жарқын естелік, ал балалық шақ- ешқашан қайтып келмейтін кезең екенін жеткізеді.

Оқиға желісі өмірдің әрбір сәттерін, балалық шақтағы ғажайып естеліктерді ұмыт қалдыратын адам санасы мен оған қайта апарар жол турасында өрбіген.

«Картина шағын болса да, шамалы күннің ішінде команда бір-біріне үйреніп қалды, жоба үшін жұмыла ат салысты. Әрине, процесс барысында кейбір күтпеген қиындықтар туындап жатты, бірақ түсірілімге кері әсерін тигізбеді. Біз үшін ең қиынға соққаны трасса бойындағы сахналарды түсіру болды. Соған қарамастан, фильмнің қоюшы-операторы Мирхат Чапай «Қазақфильмнің» командасымен бірлесе жақсы жұмыс атқарды деп ойлаймын. Біздің фильмде күннің батуы, атуы сияқты режимдегі сахналар көп, соларды түсіріп үлгеру үшін, тәртіп өте қатаң болды. Өз басым үшін алғаш рет бала актермен, үлкен актермен жұмыс жасау жаңа тәжірибе болды. Дулыға ағаның түсірілім алаңында көп көмегі тиді. Соңғы күн басқа күндерге қарағанда жеңіл өтті. Бұл күні біз түсіріліп үлгермей қалған кадрларды, фильмнің сюжеттік маңызы бар сахналарын таспаладық. Актерлық құрам бір-біріне үйренісіп кеткен соң, кадрдағы көңіл-күй шынайы шықты деп ойлаймын»,- деп бөлісті фильмнің сценарий авторы әрі қоюшы-режиссері Іңкәр Кәрім.

Режиссердің айтуынша, «Мереке» фильмінің сценарийінің алғашқы нұсқасы сәл өзгеше болғанымен, басты идея жоғалмаған. Жақын арада шығармашылық топ картинаның монтаждау процессіне кіріспек. «Мереке» дебюттік фильмі 2022 жылғы 7-11 маусым аралығында өткен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының кезекті питчингінің қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржыландыруға ие болды.