Қазақ руханиятындағы сирек құбылыс

Қазақ руханиятындағы сирек құбылыс Сурет: ашық дереккөз

Өлкетанушы, географ, публицист, этнограф ғалым Серікбол Қондыбайдың өмірі мен шығармашылығы халқымызға кеңінен танымал. ХХI ғасырдың керемет құбылысы саналған ғалым өмірден тым ерте кетті. Соған қарамастан, қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-санасын жаңғыртуға үлкен үлес қосып, артына мол рухани қазына қалдырды.


Серікбол Қондыбай 1968 жылы 14 наурызда Маңғыстау облысы, Құрық ауылында көп балалы отбасында, 4 қыз, 2 ұлдың кенжесі болып дүниеге келді. Қатарластарындай алысып-жұлысып ойнамайтын, қақ-соқпен ісі жоқ бала болып өскен. Анасы күні-түні жұмыста, үлкен әпкесі Қызылордада оқуда болғандықтан, 2 жасынан бастап 4 жыл бойы нағашы әжесінің қолында тәрбиеленген. Серікболдың ауыз әдебиетіне деген қызығушылығын оятқан да – әжесі Бәтима. Тумысынан зерек бала мектепке барғанға дейін-ақ өз бетінше оқып, жаза білген. Мектепте география пәнін ерекше жақсы көрген. Карта сызу, Қазақстан географиясын кеңейту балалық арманы болған.


1991 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің география факультетін «геоморфолог» мамандығы бойынша бітірген жас маман, еңбек жолын шалғайдағы Шетпеде, өзі оқып бітірген №3 мектепте мұғалім болып бастайды. Басқа жақтан келіп, сол өңірде ұзақ жылдардан бері еңбек етіп жүрген бір әріптесінің мағлұматы шамалы бола тұра, Маңғыстау географиясын жазбақ болып көмек сұрағаны Серікболға үлкен ой салады. «Мен осы топырақтың тумасымен, туған жерім туралы мен жақсы білемін, ендеше осы тақырыпты мен неге жазбаймын» деп намысын қамшылаған ол, бас-аяғы 6 айда Маңғыстау географиясын жазып шығады. Сөйтіп, карталары, географиялық терминдері, мектеп оқушыларына қойылатын сұрақтары бар құнды еңбек дүниеге келді. Оған қоса, мектепте ұстаздық етіп жүрген Серікбол мұнымен тоқтап қалған жоқ. Ауылдың көнекөз қарттарымен, шежірешіл ақсақалдармен әңгімелескенді жаны сүйді. Әпкесі Балсұлу Әділбекқызының айтуынша, Серікбол сол кездің өзінде-ақ: «Жазатын нәрсе көп, жазуға отыру керек еді... Әсіресе, мені көптен бері қызықтыратын сала – мифология. Ол менің ойымды баурап та, жаулап та алды» – деп қолына қалам алуды ойлап жүрген, бірақ біржола бет бұруға уақыт таба қоймаған.  


1995 жылы 27 жасында жол-көлік апатына ұшырап, төсекке таңылған. Соған қарамастан, ерік-жігері күшті жас, содан кейінгі 10 жыл ішінде, қашан өмірден-өтер өткенше ғылымға біржола бас қойды. Әлем халықтарының эпикалық сюжеттерін, аңыз әңгімелерін зерттей отырып, олардан түбі түркілік бастауды іздеді. Көзқарасы, өзіндік тұжырымдары бір қалыпқа сыймайтын ойшыл жас, география, мифология, тарих, архитектура сияқты түрлі салалар материалдарын жан-жақты пайдаланды, әр мәселеге өзінше бөлек қырынан келді.


Мифологияны түсіндіруде: «Әр буын ата-бабаларымыздың бұрынғы өтіп кеткен әрекеттерін қайталаумен болады. Ұлтымыздың басындағы қазіргі замандағы қиыншылықтарды, тауқыметтерді шешу үшін сол бастапқы нүктеге, бастапқы бағытқа қайтып оралуға тура келеді. Қайта оралу деген – сол жаққа кету емес, соның қандай екенін білу. Осыны анықтау барысында біз мифология арқылы осы қазіргі заманымыздың сауалдарына жауап таба аламыз,. Мифология, ол – жасырынған, ұмыт болған, жұмбақ күйінде берілген мәлімет. Оны әртүрлі жолмен, яғни ертегілерден, жырлардан, кәдімгі сөз тіркестерінен, ескерткіштерден т.б. табуға болады», – деп тосын ой айтты. Бұл ретте Серікбол Қондыбай жазған «Арғы қазақ мифологиясы» – бүкіл дүниетанымды өзгертуге мүмкіндік беретін бірегей еңбек ретінде бағаланғаны анық.


Шын мәнісінде, Серікбол Қондыбай еңбектері әлемтануда, ғылымтануда жаңа парадигманың негізін қалайтындай тұжырымдарға толы. Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтсақ, Серікбол Қондыбай – қиыр шалғайда жатып, қазіргі біздің бүкіл планеталық гуманитарияда ешкім тәуекел ете қоймаған тақырыптарға барған ғалым. Әдебиет абызы оны: «ұлттық руханиятымыздағы аса сирек құбылыс. Ол этнография мен археология, география мен ономастика, агиография мен теология, эпос пен тарих, мифология мен философия деректерін салғастыра зерттеп, түріктану мен қазақ тануға мейлінше үлес қосты. Отандық ғылым үшін жемісті болар жаңа бағыт бастап берді. Ол қалдырған мұраның деректік, пайымдамалық құндылықтары мен мәнділіктерін зерделеу – осы заманғы ұлттанудың қалыптасуы мен кемелденуіне оң ықпал етері сөзсіз. Бұл саңлақ таланттың саяқ зерттеушілік ізденістеріне, ерек елжандылығы мен еңбексүйгіштігіне таң қалмасқа шара жоқ», деп айрықша бағалағаны мәлім.


Серікбол Қондыбай аз ғана ғұмырында байырғы қазақ шежіресі мен әфсана аңыздары, географиясы тұрғысында құнды мағлұматтар жинап, бірнеше кітап жазды. Ғалымның «Маңғыстау географиясы», «Қазақ мифологиясына кіріспе», «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары», «Есен-қазақ», «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі», «Арғы қазақ мифологиясы», «Эстетика ландшафтов Мангистау», «Маңғыстаунама», «Қазақ даласы және герман тәңірлері», «Жауынгерлік рух кітабы» сияқты басқа да зерттеу еңбектері әлі де ғылыми сарапқа түсіп, қазақ тарихы, қазақ ғылымы үшін маңызды тың тұжырымдар жасауға негіз болары анық.




Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамау
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Пікіріңізге рахмет