ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ САЙЛАУ ЖҮЙЕСІ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСҚАН?

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ САЙЛАУ ЖҮЙЕСІ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСҚАН?
Сурет: 365info.kz

Алдағы уақытта республикамыздың тарихындағы жетінші жалпыхалықтық Президент сайлауы өтпекші. Жаңа құрылған мемлекетімізде Мемлекет басшысын жетінші рет халықтың таңдауы, әрине, көңіл қуантады. Алайда, елімізде басшысы дауыс беру арқылы сайлау тек соңғы 30 жылда қалыптасты деу қате болады. Қазақ даласында сайлау жүйесі ерте заманнан-ақ болған. Ендеше, хандық дәуірден кеңестік заманға, одан бүгінгі тәуелсіз елімізге дейінгі сайлау процестері қалай орын алғанын еске алайық. 

Хан сайлауы қалай өткен? 

Бүгінде өзін демократия Отаны санайтын көптеген мемлекеттерде әділ сайлау жүйесінің қалыптасқанына небәрі 2-3 ғасыр өткен болар. Ал қазақ даласында ұлт көшбасшысын сайлау ғұрпы ерте хандық дәуірден болған. Нақты айтқанда, қазақ хандары феодалистік империялардағы секілді мұрагерлік жолмен емес, Шыңғыс ұрпақтарына жататын төре тұқымынан тараған сұлтандардың бәсекеге түсуі арқылы сайланған. Мұндай сайлау жүйесі кең байтақ жерімізде Алтын Орда кезінде-ақ болған, ал Қазақ хандығы құрылған соң еліміздің құрылымындағы маңызды жүйеге айналады. ХV ғасырдың басында неміс саяхатшысы И.Шильбергер Алтын Орда астанасы Орда-Сарайда қоныстанып, бұл елде хан сайлауы қалай өтетіні туралы жазған: «Сайлау жарияланғаннан кейін талапкерді ақ киізге отырғызып, үш рет жоғары көтереді. Сонан соң оны киіз үй төңірегінде алып жүріп, таққа отырғызады да, оның қолына алтын семсер ұстатады. Содан кейін ол әдеттегідей ант беруі қажет». 

Қазақ хандығы тұсында хан сайлау жүйесі өзгеріп, жетіле түсті. Қазақ билеушісі өзінің тумысымен емес, болмысымен билікке жеткен. Яғни ханның ұлы ғана емес, халық алдында беделі бар барлық сұлтандар хан сайлауына қатыса алған. Жалпы, қазақ даласындағы сайлау проце сі арнайы жасауылдардың барлық ру-тайпаларға хан сайлауы туралы хабар таратуынан басталған. Айтылған оқиғадан кейін ер-азаматтар бес қаруын сайлап, құрылтай жиналысқа барған. Мұндай жиында әр сұлтан халық алдына шығып, өзінің хан болуға қалай лайықты екенін дәлелдеген. Нәтижесінде көпшілік қолдауын алған үміткер хан сайланған. 

Ал хан сайлау рәсімі жұма күні өткен. Ақ киізге отырған ханды құрметті сұлтандардың, билердің, байлардың және батырлардың арасынан төрт адам шығып, үш рет жоғары көтерген. Осы сәттен бастап хан ресми түрде сайланды деп жарияланған. Бұл туралы орыс тарихшысы А.И.Левшин былай дейді: «Жаңа ханды сайлау үшін белгілі уақытта халық жиналатын және оған басшылық ететін кісіні бекітуге шешім қабылдайтын шағын топ үшін «жеке отырыс» жасайтын орын белгіленеді. Оған әртүрлі рулар мен олардың тармақтары атынан өкілдері ұсынылады. Осы себеппен шақырылған «құрылтайда» екі, үш және одан да көп күнге созылатын сөз таластары жүргізіледі. Сұлтандар мен ықпалды тұлғалардың басым бөлігінің билік басына отыруға келісімін алған талапкерді сайлаушылардың ішіндегі ең беделдісі оның сайланғаны туралы хабарлайды. Мұнан соң оны ақ киізге отырғызған сайлаушылар бірнеше рет көтерді де, киізді жерге түсірді. Мұнан кейін бұл материалды ұсақ бөліктерге жыртып, әрқайсысы ең болғанда бір қиындысын алып кетуге ұмтылды. Қазақтар бұл ғұрыпты «Ханталапай» деп атайды». 

Ал Орынбор губернаторы И.Неплюев 1848 жылы ресми хабарламасында: «Бұл қырғыз-қайсақта қалыптасқан салт бойынша ежелгі хан-сұлтан әулетінің өкілдері мұрагерлік жолымен емес, халықтың сайлауы бойынша ғана хандыққа жете алады. Ел ағалары және халық қай сұлтанды қаласа, сол хан болып сайланады, ал ханның өкімі мен беделі оның хандық дәрежесіне емес, халықтың қамын жеген ой-парасаты мен өнімді іс-әрекетіне байланысты» деп жазған. Яғни қазақ даласында демократиялық элементтердің бұрыннан болғанын шетел өкілдері ертеде-ақ мойындап қойған. 

Кеңес дәуіріндегі дауыс беру 

ХVIII ғасырда қазақ халқы Ре сейлік патшаның бодандығына өтуге мәжбүр болды. Мұндай саяси өзгеріс мемлекеттің құрылымы мен сайлау жүйесіне де әсер етпей қойған жоқ. Патша билігі хандық билікті жою үшін бірнеше реформалар енгізді. Осыған сәйкес хандық биліктің орнына округтық басқару жүйесі енгізілді. Яғни жаңа құрылым бойынша ауылдан болыс, болыстан округ, округтан облыс құралды. Мұндай жүйе бойынша тек болыс пен ауыл старшиндарын тағайындау үшін сайлау жүргізілетін болды. Ауыл старшиндары жергілікті халықтан, ал болыстыққа ауқатты әулеттен шыққан беделді адамдар сайланды. Сайлау үш жылда бір рет өткізіліп тұрды. Абай атамыз бұл үш жылдық болыс сайлауын өзінің үшінші қара сөзінде былай сынап жазған: «Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы «Сені біз сайламадық па?» деп, елдің бұлданғандығымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпенен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап қалып, тағы болыс болып қалуға болар ма екен деп күні өтеді». 

Ақпан мен Қазан төңкерістерінен кейін патша билігі құлап, қазақ даласында жаңа кеңестік билік орнайды. Дегенмен, ақтар мен қызылдардың айқасынан сайлау жүйесі тұрмақ, жалпы мемлекеттік құрылымның орнығуына біраз жыл қажет болады. 1920 жылы елдегі азамат соғысы аяқталған соң, 1918 жылы қабылданған РКФСР Конституциясы көрсеткен сайлау жүйесі қолданыла бастады. Бұл заңнаманың 64-бабында 18 жасқа толған қыз-жігіттерге діни сенімі, ұлтына қарамаст ан с айлау құқығын жариялаған еді. Дегенмен, іс жүзінде бұл сайлау жүйесі белгіленген күйде орындала бермеді. Ал 1936 жылы КСР О жаңа Конституция қабылдап, онда мемлекеттің ең жоғары билігі – Жоғарғы Кеңес жалпыхалықтық, тең және жасырын дауыс беру арқылы сайланатын болды. Осылайша Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің алғашқы сайлауы 1937 жылы өтеді. Бұл сайлау жүйе сі Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялағанға дейін жұмыс істеп тұрды. 

Тәуелсіз Қазақстан таңдауы 

1990 жылы Қазақ КСР Конституциясына өзгертулер енгізіліп, онда жаңа Президент лауазымы бекітілді. Президент жалпыхалықтың емес, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары дауыс беруімен сайланатын болды. Осы жылдың 24 сәуірінде алғашқы Президенттік сайлау өтті. 

Дегенмен, бір жыл өткен соң елімізде Президент сайлауы тағы да өтті. Бұл жолы Мемлекет басшысы тек депутаттардың емес, жалпыхалықтың дауыс беруімен сайланды. 

Республикамыздың сайлау жүйесі одан кейін 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда қабылданған ҚР Конституциясымен нақты бекітілді. Ата Заңымызда Президент және Парламент сайлауы барша халықтың дауысымен сайланатыны белгіленді. Сөйтіп, елімізде жалпыхалықтық Президент сайлауы 1991, 1999, 2005, 2011, 2015 және 2019 жылдары – жалпы алғанда 6 рет өтті. 

Түйін

Қаншама тарихи кезеңдерден өтіп, қазіргі уақытта орныққан еліміздің сайлау жүйесі тиімді жұмыс істеп тұр. Бүгінде тек жоғары мемлекеттік лауазымдар ғана емес, ауыл әкімдері де халық даусымен сайлана бастады. Алдағы уақытта облыс және қала әкімдерін де дауыс беру арқылы сайлау жоспарланып отыр. Мұндай өзгерістер елімізге тек оң әсерін тигізеді деп сенеміз.