Қазақ ауылдағы медициналық инфрақұрылымның 50%-ы тозған

Қазақ ауылдағы медициналық инфрақұрылымның 50%-ы тозған
Сурет: Alataugazeti.kz

200-ден астам елді мекенде медициналық объектілер жоқ.

Ауылдағы медициналық инфрақұрылымның шамамен 50%-ы тозған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауылдағы объектілерге инвентаризация жүргізілді, нәтижесінде 200-ден астам елді мекенде медициналық объектілер жоқ, 400-ге жуық медициналық объекті жалдамалы, апатты немесе бейімделген ғимараттарда орналасқан», - деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Ажар Ғинияттың айтуынша, ауылдағы медициналық-санитарлық алғашқы көмектің медициналық инфрақұрылымы 50%-ы тозған.

Сонымен бірге, ел халқына, оның ішінде ауыл тұрғындарына медициналық-санитарлық алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру үшін биыл денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативі бекітілді.

Осылайша, 50 адамға дейінгі ауылдарда мейіргер медициналық көмекті үй-жайсыз жүзеге асырады, ал 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үшке дейін ұлғайып, фельдшерлік-акушерлік пункттер ашуға болады.

«Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге кірмейтін дәрілердің қолжетімді ету үшін салалық заңнамаға ауылдық медициналық ұйымдарда дәріхана пункттерін құру жөніндегі норма енгізілді. Биылғы шілде айынан бастап 230 елдімекенде 75 мемлекеттік және 161 жеке дәріхана ашылды», - деді Ажар Ғиният.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі ауыл тұрғындарында жиі кездесетін ауруларды атаған еді.