Қайрат Сатыбалдыны қамауға алудың мән-жайы айтылды

Қайрат Сатыбалдыны қамауға алудың мән-жайы айтылды
Сурет: Rbc.ru

Ол әуежай аумағында ұсталған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов кеше Қайрат Сатыбалдының ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

 «Қылмыстық іс «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеліп жатыр. Кеше осы бойынша тиісті ақпарат таратылды. Қазіргі кезде қаражат сомасы анықталып жатыр, ол бойынша бірнеше эпизод қамтылған. Осы орайда сараптама жүргізілгеннен кейін, біз бұл соманы жария етеміз. Дегенмен осы іске қатысты миллиардтаған қаражат бар деп айта аламын», - деді О.Бектенов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілердің сауалына жауап бере отырып. 

Сонымен қатар ол Қайрат Сатыбалдының әуежай аумағында ұсталғанын айтты. 

«Ол Алматы әуежайының аумағында ұсталды. Ұсталғаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары барысында қараймыз, бұлтартпау шарасын сот айқындайды», - деді агенттік басшысы. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуде.