Қайрат Боранбаевтың ісі бойынша сот отырысы кейінге қалдырылды

Қайрат Боранбаевтың ісі бойынша сот отырысы кейінге қалдырылды
Сурет: Ашық дереккөз

Жарыссөз 14 наурызда Астана қаласының №2 Сарыарқа сотында болуы тиіс еді

Сот қосымша уақыт беруді сұраған мемлекеттік айыптаушы тараптың өтінішін қанағаттандырып, кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың ісі бойынша өтуі тиіс жарыссөз кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың ісі бойынша тараптардың жарыссөзі 14 наурызда Астана қаласының №2 Сарыарқа сотында болуы тиіс еді. Алайда, мемлекеттік айыптаушы-прокурор Бауыржан Шекенов өзіне қосымша уақыт беру туралы сотқа өтініш түсіріп, іс бойынша жағдай өзгергенін мәлімдеді.

"ҚР ҚІЖК-нің 340-бабы, 5-бөліміне сәйкес, егер басты сот талқылауы барысында сотталушыға неғұрлым ауыр айып тағу немесе бастапқы айыптан басқа айып тағу қажеттілігі туындаса, сот істі қарауды кейінге қалдырады және прокурорға жаңа айыптау актісін жасау үшін қажетті уақыт береді. Осыған байланысты айыптаушы тарап жаңа айыптау актісін толтыру үшін уақыт беруді сұрап, өтініш білдіреді, өйткені қылмыстық іс бойынша мән-жайлар өзгереді және бұл жаңа актіде көрсетуді талап етеді", - деді прокурор Бауыржан Шекенов.

№2 Сарыарқа сотының судьясы Назгүл Бапақова айыптаушы тараптың өтінішін қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Сот отырысына 17 наурызға дейін үзіліс жарияланды, деп жазды Zakon.kz.

Қайрат Боранбаев пен "Азия Газчунджа" ЖШС-нің негізін қалаушы екінші адам Роман Нахановқа өздеріне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқыру және жылыстату, заңсыз ақшаны және мүлікті заңдастыру, қылмыстарға жәрдем көрсету түрінде айып тағылды.

Аталған іс бойынша сот процесі Астанада 2022 жылы 30 желтоқсанда басталды.