Катардағы әлем чемпионатынан хабар тарататын медиаорталық 24 сағат қызмет етеді

Катардағы әлем чемпионатынан хабар тарататын медиаорталық 24 сағат қызмет етеді
Сурет: Dw.com

Бұл медиаорталық Дохада әлем чемпионаты қарсаңында ашылған болатын.

Жаһандық доп додасы кезінде қызмет атқаратын медиа мамандары үшін бұл жер екінші үйіндей болып кеткен. Әлем чемпионаты барысында медиа саласы мамандарының жұмысы қыза түседі. Катардың үлкен конгресс орталығы 24 сағат ашық тұрады. Бұл жерде күні-түні жұмыс тоқтамайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz/
Әлем чемпионаты ойындары өтетін стадиондарға жеткізетін автобустардың аялдамасы да осында. Кездесу аяқталғаннан кейін сол автобустар қайтадан осы орталыққа жеткізеді. Шетелдік журналистердің айтуынша, бұл жер емін-еркін жұмыс істеуге ыңғайлы.
«Медиаорталық жаман емес. Басқа орталықтарға ұқсайды. Үлкен жарыстарда осындай жұмыс орнынның болғаны дұрыс», - дейді Кир Ранджич.
«Бұл жерде жұмыс істеген маған ұнайды. Өте ыңғайлы. Іші кең. Интернет жақсы сапада. Автобустардың осы жерден алып кетіп, алып келуі жақсы ойластырылған», - дейді Тимо Вула. 
Ұйымдастырушылар әрбір ұсақ-түйекке дейін мән беріп, дұрыс жоспарлағаны көрініп тұр. Ойын болатын күннен бір күн бұрын командалардың баспасөз мәслихаты да осы жерде өтеді. 4000 мың адамға арналған конференц-залды фотографтар, журналистер, сайт мамандары мен техникалық қызметкерлер жұмыс істейтін орындарға бөлген. Қысқасы мундиальдің тартысты ойындары стадиондарда өтсе, медиа саласы мамандарының қызу жұмысы осы орталықта атқарылады.