Қатар-2022: Португалия Швейцарияны шашып тастады

Қатар-2022: Португалия Швейцарияны шашып тастады
Сурет: Ашық дереккөз

Гонсалу Рамуш біріншілік мергендерінің қатарына қосылды

Қатарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатында Швейцарияны ойсырата ұтқан Португалия ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Португалия бапкері Фернанду Сантуш бұл ойынға құрама капитаны Криштиану Роналдудың орнына «Бенфика» клубының шабуылшысы, 21 жастағы Гонсалу Рамушты шығарды.

Бұл 68 жастағы тәжірибелі жаттықтырушының көрегендігі деуге болады.

Бірінші таймда 17-минутта Жоау Феликстен пас алған Гонсалу Рамуш жақын тоғыздықты дәл көздеді.

Команда капитаны Пепе 33-минутта бұрыштамадан Бруну Фернандеш әуелете асырған допты баспен торға топ еткізді – 2:0.

Екінші кезеңде 51-минутта Г.Рамуш тағы да мергендігімен көзге түсті. Арада 4 минут өткенде Рафаэл Герейру өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 4:0.

58-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін швейцариялық Мануэль Аканджи есепті қысқартты.

Алайда 67-минутта матч барысында шабуылды тамаша ұйымдастырған Ж.Феликстен пас алған Г.Рамуш есепті 5:1-ге жеткізді. Бұл - осы чемпионаттағы алғашқы хет-трик еді.

Гонсалу Рамуш біріншілік мергендерінің қатарына қосылды. Оның алдында 5 гол соққан Франция шабуылшысы Килиан Мбаппе ғана бар.

Алаңға тыңнан қосылған Рафаэл Леау матчтың әдемі нүктесін қойды – 6:1.

Осылайша, Швейцарияны 6:1 есебімен ойсырата ұтқан Португалия 10 желтоқсанда Марокко құрамасымен жартылай финалға шығу үшін таласады.

Сөйтіп, дүниежүзілік додада ширек финалға шыққан барлық сегіз команда анықталды.