«Қастеевте» МУЗЕЙ ТҮНІ шарасы өтеді

«Қастеевте» МУЗЕЙ ТҮНІ шарасы өтеді
Сурет: Gmirk.kz

Музей есіктері 18 мамырда сағат 14.00-ден 00.00-ге дейін ашық.

2023 жылғы 18 мамырда Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі «MEDIKER» медициналық компаниясының серіктестігімен МУЗЕЙІ ТҮНІ 2023 жобасын ұсынады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Акция Халықаралық музейлер күніне орайластырылған. Осы түнде музей алаңдарында Сергей Червяковтың пантомима театрының қойылымдарын, «Lumiere» шоуын, Ирина Васильева мен Елена Хованскаяның «От Винта» атты бас киімдердің авторлық коллекциясының сән дефилесін, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер колледжінің актерлік шеберлік факультеті студенттерінің театрлық этюдтерін көруге болады. Кештің ерекше қонағы –Венера Уразбекова «Әлем музыкасы» бағдарламасын ұсынады.

Сондай-ақ, іс-шараның музыкалық безендірілуін Алматы қаласы әкімінің концерттік оркестрі, «Мұрагер» домбырашылар ансамблі, «Ақ-Дариға» қобызшылар ансамблі, пианист Лаззат Әлмұхамбетова, Алматы-Қазақстан Үнді классикалық би және йога орталығы, Дарындылар академиясы-KZ ұлттық құндылықтарды қолдау орталығы қамтамасыз етеді.

Жұмабекова Гүлайым, Әбілхан Қастеев атындағы ҚР МӨМ директоры: «Музей жалпы белгіленген тақырыпты ұстана отырып, жыл сайын осы халықаралық акцияға қатысып тұрады. Біз музейге деген қызығушылықты арттыру үшін арнайы, шығармашылық шешімдерді қолдануға тырысамыз. ICOM-ның (Халықаралық музейлер кеңесі) 2023 жылы жариялаған тақырыбы «Музейлер, тұрақтылық және әл-ауқат». Осыған байланысты біз денсаулықты сақтауға қатысты өзекті тақырыпты алға тарта отырып, «Емдеу өнері» қорынан көрме ашамыз. Экспозицияда қазақстандық және шетелдік өнерді бейнелейтін кескіндеме, графика және мүсін туындылары ұсынылған. Авторлар өз еңбектерінде медицина қызметкерлерінің ерен еңбегіне шын жүректен құрметін білдірген. Музей түні музей саласында қызмет атқаратын мамандар мен көрермендердің кең ауқымы үшін жылдың басты оқиғасы болып табылады».

Қасымова Орынтай, "Медикер" ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары: «Біз Қазақстандағы халыққа білікті медициналық қызмет көрсететін ең ірі медициналық компаниямыз және соңғы жиырма жыл ішінде еліміздің барлық өңірлерінде медициналық инфрақұрылым құра отырып, Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытуға үнемі инвестиция салып келеміз. Осы арқылы сапалы, қауіпсіз және тиімді медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етеміз. Mediker компаниясы корпоративтік-әлеуметтік жауапкершілік аясында, сондай-ақ БҰҰ-ның Жаһандық шартының қатысушысы ретінде азаматтарды өз денсаулығын өнер және музеймен серіктестік қарым-қатынас орнату арқылы сақтау және алдын алу қажеттілігі туралы хабардарлықты арттыру мақсатында биылғы жылы Музей түні сияқты маңызды мәдени іс-шараға демеушілік жасайды. Біз мәдени жобаларға инвестиция салу арқылы өнерді насихаттап, сұлулықтан ләззат алып қана қоймай, жалпы қоғамымыздың дамуына және өркендеуіне жағдай туғызатынымызға сенімдіміз.

«Музей түні»  ̶  біз үшін өнер мен медицина арасындағы байланысты паш ететін тамаша мүмкіндік. Себебі, өнер мен медицинаның тамыры ортақ  ̶  бұл екі сала шығармашылық және зерделі ойлау қабілетінің жоғары дәрежесін талап етеді. Өнерде медицина білімінің және дағдылардың эволюциясын көруге болады. Әр түрлі дәуірлердегі анатомия сабақтары, пациент пен дәрігердің өзара әрекеттесуі, адам өмірінің метафизикалық мағыналары, оның нәзіктігін фәлсафалық тұрғыдан түсіну. Атақты дәрігерлердің бейнелері олардың портреттерін жасауға шабыттандырады. Медициналық тәжірибеде өнер сабақтары, мәселен: арт-терапиясы, түрлі түстерді қабылдау және ғажайып әуендерді тыңдау әсері көптеген ауруларды емдеуге ықпал етеді, ал тамаша өнер туындылары ішкі дертіңді басады. Қазіргі заман өнерін бүгінгі әлемнің проблемаларын білдіру және оларды шешуге мүмкіндік беретін жолдарын іздестіру құралы ретінде көре отырып, біз өзіндік көркемдік-ғылыми алаң құрдық, осы арқылы суретшілер мен ғалымдар арасында тұрақты даму мен әл-ауқатты сақтау мәселелерінде нәтижелі ынтымақтастық үшін мүмкіндіктердің бар екендігін растадық». «Музей түні – 2023» жобасы аясындағы іс-шаралар бағдарламасына көрменің ашылуы, экскурсиялар, квесттер, шеберлік сағаттар, балалар мен ересектерге арналған іс-шаралар, деректі фильмдер көрсетілімі, авторлық бұйымдар жәрмеңкесі кіреді.