Каспийді лайлағандар жазаланды

Каспийді лайлағандар жазаланды
Сурет: 24.kz

Гидранттардан аққан 500 литр су теңізге жайылып кеткен

Ақтаудың өрт сөндірушілері теңізге лас су төккені үшін жазаға тартылды. Кінәлі тұлғалар енді айыппұл төлейді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап. 

Таяуда Каспийге қызғылт түстес сұйықтық  төгілгені көрсетілген бейнежазба ғаламторда жарияланған болатын. 1-шағын аудандағы жағажай шұғыл тексеріліп, тот аралас ылғалдың сол маңдағы №13 өрт сөндіру бөлімінен шыққаны анықталды. 

Экологтардың айтуынша, тесік цистернада сақталған және гидранттардан аққан 500 литр су теңізге жайылып кеткен.

«Жедел шолу жұмыстары жүргізіліп, теңіз суынан сынамалар алынды. Өрт сөндіру жасағының басшысынан түсініктеме алынды. Көп уақыт сақталған су таттанып, сол күйі теңізге ағып кеткен. Қызметтік міндетті адамға айыппұл ретінде шара қолданылатын болады»,-деді  Экология департаментінің бөлім басшысы Гүлім Ұлықпанова.