Каспий теңізіндегі порттардың транзиттік әлеуетін пайдалану керек

Каспий теңізіндегі порттардың транзиттік әлеуетін пайдалану керек
Сурет: WildTicket Asia

Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Әлихан Смайылов осылай деді.

Үкімет басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен және бірқатар өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық және туристік нысандардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Премьер-министр жұмыс сапары барысында Каспий теңізінің шығыс жағалауында бірнеше халықаралық көлік дәліздерінің қиылысу нүктесінде орналасқан Ақтау теңіз сауда портына барды.

Портта шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке және кері қарай Иран, Түркия, Ресей және Әзербайжан бағытында жүк тасымалданады. Бұл – Каспийдегі ең ірі көлік торабы.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақтау портының базасында кемінде 19 га алаңда контейнерлік хаб салу жоспарда бар.

Құрғақ жүк айлақтарының қуатын ұлғайтуды көздейтін жобаға көптеген шетелдік компаниялар қызығушылық танытып отыр, бұл теңіз портының контейнерлік парк пен сервистің ірі торабына айналуына жол ашады.

«Маңғыстау облысының халықаралық маңызы бар, ауқымды көлік-логистикалық және инфрақұрылымдық-сервистік әлеуеті зор. Алайда еліміздің теңіз порттарының мүмкіндіктері толық пайдаланылмайды, ал жүктеме орта есеппен 21%-ті ғана құрайды. Бұл жағдайды өзгерту қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен бірлесіп, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша экспорттық жүктерді бағыттау арқылы Ақтау және Құрық теңіз порттарының жүктемесін ұлғайту мәселесін пысықтауы қажет», - деді Әлихан Смайылов.