Қасым-Жомарт Тоқаев: Бизнеске 6,5 мыңнан астам басы артық талап қойылып келген

Қасым-Жомарт Тоқаев: Бизнеске 6,5 мыңнан астам басы артық талап қойылып келген
www.inform.kz

«Таза парақтан бастау» атты реттеу институтын енгізуге бір жыл қалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау салтанатында сөйлеген сөзінде бизнесті реттеудің жаңа саясаты қалай іске асатынын түсіндірді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Біз алдағы 7 жылда кәсіпкерлік белсенділікті шектейтін барлық кедергіні жоюға күш саламыз. Мемлекет бизнесті өркендету үшін нақты шаралар қабылдай беретін болады. Бірінші – бизнесті реттеуге бағытталған жаңа тәсілдер. «Таза парақтан бастау» атты реттеу институтын енгізуге бір жыл қалды. Бүгін Үкімет бизнестің дамуына кедергі келтіретін басы артық талаптарды анықтау бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Қазірдің өзінде экономиканың түрлі саласында жаңа реттеу саясатына сәйкес келмейтін 6,5 мыңнан астам талап белгілі болды», - деді Президент.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Үкіметке осы мәселені реттеу туралы тапсырма берді.

«Енді Үкіметке «Атамекен» палатасымен бірге заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, осынау салтанатты шара аясында үздік деп танылғандарға «Қазақстанның үздік тауары», «Qazaqstan Project Management Awards -2022», «ТМД бойынша сапа саласындағы 2021 жылдың сыйлығы» сияқты кәсіпкерлік бағыттағы марапаттар да табысталды.