Қаржы пирамидасын қалай танимыз?

Қаржы пирамидасын қалай танимыз?
Сурет: Рavlodarnews.kz

Қаржы пирамидалары клиентпен жеке жұмыс істегенді жөн санайды.

Ішкі істер министрлігі қаржы пирамидаларының жұмыс істеу әдіс-тәсіліне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Елімізде қаржы пирамидаларының құрбаны болып, жеке мүлкі мен қаражатынан айрылып жатқан азаматтар көп.

«Егер сізге клиенттер тартсаңыз қосымша ақы (бонус) төленеді десе, демек, ол күдік туғызуы тиіс. Әрине, сіз оған өз жақындарыңыз бен таныстарыңызды тартасыз. Солайша олардың да басын қауіпке тігесіз. Екіншіден, олар мол табысқа тез әрі жеңіл қол жеткізуге уәде береді. Келесі жайт - қызмет етуге рұқсат беретін лицензия. Мекеменің заңды лицензиясы болмаса, демек, ол - қаржы пирамидасы. Сол сияқты алғашқы жарна төлеу әдісі де соларға тиесілі. Яғни, түрлі акцияны ойлап табады немесе сіздің біліктілігіңізді көтереміз, оқуға жібереміз деп уәде етеді», - деді ҚР ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов брифингте.

Департамент басшысының айтуынша, қаржы пирамидасы қызметіне тән тағы бір факті компанияның бюджеті болмайды, оларға ақшаны клиенттер алып келеді.

«Кейбір қаржы пирамидасы шағын немесе орташа қаржы мекемесі ретінде жұмыс істеп, клиенттерді инвестиция құюға шақырады. Сондай-ақ, қымбат активтер туралы да сөз қозғауы мүмкін. Ал іс жүзінде олардың өзінде ешқандай қаражат та, актив те жоқ. Одан кейін, жарнама. Қазір жарнама жасаудың түрлі әдісі бар. Әсіресе әлеуметтік желінің көмегімен. Сондықтан желідегі жылтырағанның бәріне сене бермеген жөн. Одан бөлек, сізбен келісімшарт жасайды, сол кезде құжатты мұқият оқып шығыңыз. Көп жағдайға азаматтар мән бермей қол қоя салады», - дейді ол.

Сондай-ақ, спикер қаржы пирамидалары клиентпен жеке жұмыс істегенді жөн санайтынын айтты. Оның себебі - жалғыз адамды әңгімелесу арқылы көндіру оңайырақ. Басқаша айтқанда, психологиялық әдіс. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда 30 мыңнан астам адам қаржы пирамидаларына алданған.