Қаржы пирамидасы: Алматылықтар 300 млн теңгесін қайтарып алды

Қаржы пирамидасы: Алматылықтар 300 млн теңгесін қайтарып алды
Сурет: Ашық дереккөзі

2022 жылы қалада сегіз қаржы пирамидасы жойылды

B2B Jewelry қаржы пирамидасының салымшыларына 300 миллион теңге қайтарылды. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Бүгінгі таңда қаржы пирамидасына алданған 230 салымшыға 300 млн теңге қайтарылды. Келтірілген шығынды өтеу жұмыстары жалғасуда», - деп хабарлады Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметі. Қаржы пирамидасынан жапа шеккен салымшылардың бірі - алматылық Ақмарал Асқарова департамент қызметкерлеріне атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, 2019 жылы B2B Jewelry компаниясына 1,3 млн теңгеден астам инвестиция салған. «Мен экономикалық тергеу департаменті қызметкерлеріне рахмет айтамын. Біздің арызымызды қабылдап, ақшамызды қайтарып алуға көмектесті», - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, 2022 жылы қалада сегіз қаржы пирамидасы жойылды, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады.

Бұған дейін B2B Jewelry қаржылық пирамидасының 197 салымшысына 123 миллион теңге қайтарылған болатын.

Былтыр аталған қаржы пирамидасын ұйымдастырушы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.