Қарулы Күштерде үздік мергендер батальоны анықталды

Қарулы Күштерде үздік мергендер батальоны анықталды
Сурет: Elorda.info

2023 оқу жылының жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес еліміздің Құрлық әскерлері мен Десанттық-шабуылдау әскерлері бөлімшелері арасында «Мергендер батальоны» жарысы өтті.

Қарулы Күштердің полигондары мен оқу орталықтарында мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді қоса алғанда, бөлімшелердің жеке құрамы штаттық қару-жарақ пен атыс қаруынан бақылау және оқу ату жаттығуларын, сондай-ақ атыс даярлығы мен әскери топография нормативтерін орындады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Elorda.info сайтына сілтеме жасап. 

Жеңімпаздар екі номинация бойынша анықталды. Оның біріншісі механикаландырылған, танк, десанттық-шабуылдау, шабуылдау, теңіз жаяу әскері құрамаларының мотоатқыштар, десанттық-шабуылдау механикаландырылған, танк, және шабуылдау батальондарының, екіншісі механикаландырылған, танк, шабуылдау және теңіз жаяу әскері құрамаларының танк батальондарының арасында өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша мотоатқыштар (десанттық-шабуылдау) батальондары арасында бірінші орынды Өскемен гарнизонының 2 мотоатқыштар батальоны, екінші орынды Қарағанды гарнизонының 1 мотоатқыштар батальоны, үшінші орынды Қонаев гарнизонының 2 десанттық-шабуылдау батальоны иеленді.

Танк батальондары арасында бірінші орынды Ақтау гарнизонының теңіз жаяу әскерлері бригадасының танк батальоны, екінші орынды Аягөз гарнизонының 1 танк батальоны, үшінші орынды Шымкент гарнизонының танк батальоны иеленді.

Құрамында әскери басқару органдарының, Құрлық әскерлері мен әскери-оқу орындарының тәжірибелі офицерлері болған төрешілер алқасы бөлімше командирлерінің кешенді атыс міндеттерін шешу дағдыларын игеру деңгейін және әскери қызметшілердің далалық дағдыларын бағалады.