«Қараөзек» шақ қарасын көрсетті

«Қараөзек» шақ қарасын көрсетті
news.myseldon.com

Наурыз айы соңғы аптасына аяқ басты. Жаңа туған ай жауыны, желі көп «Құс қанаты», «Аласапыран» амалдарының табалдырықтан аттағанын аңғартқандай шалқалап жатыр

Әне-міне дегенше, наурыз айының соңғы аптасы келіп жетті. «Самарқанның көк тасы» жібитін күн (22 наурыз) өтті. Ұлыстың Ұлы күні елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа­лық-ерекшеліктерімен аталып өтті. Наурыз мерекесі мұсылманның қасиетті Рамазан айына ұласып, нұр үстіне нұр әкелді.

Күн мен түн теңескесін, күн жылып, жер жібіп, шуақты мезгіл басталуы - табиғат заң­дылығы. Бірақ шуақты шақтар әлі тұрақта­май тұр.

Өткен пайымымызда: «...күні кеше ер­теңгілік жерге қырау түсті. Бұрынғының шалдары наурыздың ортасында бір күндік «бесқонақ» болады деуші еді, соның әсері ме екен, не де болса, бұл көріністер сақтық ша­расына шақырып тұрғандай...» деп жазған едік. Сол жорамалымыз бекер болмаған секілді. Соңғы 5-6 күннің бедерінде таңер­теңгілік пен кешкі уақытта денені тоңдырған салқын леп толастамай тұр. Жаңа туған айды көрдік. Жауыны мен жел-дауылы көп «Құс қанаты», «Аласапыран» амалдарының табал­дырықтан аттағанын аңғартқандай шалқалап жатыр...

Соңғы «тұяқ серпер» аптада амал да аз емес. Солардың бірі – «Құс қанаты» амалы. Наурыз айының соңғы күндерінде жыл құс­тары ұшып келе бастайды. Олардың келуі­мен қар аралас жаңбыр жауып, суық жел тұ­рады. Мұны ел «Құс қанаты» деп атаған.

Наурыз айының соңында, кейде сәуірдің басқы кезінде қар күрт еріп, жер лайсаң бо­лып, шаруашылыққа қиын күндер туады. Осындай жайсыз да қолайсыз мерзім өз бол­мысына қарай, «Аласапыран» деп аталған.

Қазір сиырға «ораза» ұстатқан «Әбдікей» амалы аяқталып келеді. Қалың қардың шеті сөгіліп, еріп, сай-сала суға толып жатыр. Жер асты тоңы жіби бастайды. «Қардан аққан суға торғай шомылатындай болса, жаз ерте шығады деп, қардан аққан су мардымсыз болса, жаз жәй шығады деп» көнекөз қария­лардың жорамал жасайтыны осы кез.

Наурызда өтіп болмайтын ұзақ күндер – «ұзынсары» келіп, қоңторғайлау қараөзек шақ туады. Наурызда атан түйені жығар, көктемнің қар ерітер «алтын күрек» өкпек желі, қарасуығы бар.

Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша, айдың – 25-і. Ай жүйесі бойынша, 3-і. Ал қазақы есепке сүйенсек, наурыз айының –12- сі. Жоғарыда біз айтқан амалдардың әзір ықпалы байқалмайды. Аспан ашық, күн шуақты. Дегенмен, бұған қарап көктем шы­ғып кетті деуге ертерек. Әлі алда талай жауынды да дауылды кездер бар екені шүбәсіз...