«Қарамай дауылдарға, жауындарға...»

«Қарамай дауылдарға, жауындарға...»
almaty-akshamy.kz

Еңбек адамы

Осынау жас шағын бір емес, бірнеше пайдалы іспен көмкеріп жүрген замандас туралы бірер сөз

Айша Мұратбекованың мамандығы – есепші. Қарапайым тілмен айтқанда, офиста, жылы жерде отыратын адам. Бірақ ол отырмай­тын адам. Отырмағанда, үнемі қозғалыста жүретін жан дегеніміз ғой. Осынау жас өмірін бір емес, бірнеше пайдалы іспен көмкеріп жүрген замандас. Енді бәрін рет-ретімен баяндайық.

ЕСЕПШІ ҚЫЗ

Ол Тараз мектебінде математиканы те­реңдетіп оқыды. Сыныптағы бүкіл бала осы пәнді жақсы көрді десе де қателеспес. Өйт­кені, математикадан берген мұғалім бала­ларды қызықтыра білетін. Сондықтан есеп- қисабы көп болса да, сол сабақты көпшілігі асыға күтетін. Ұстаздың мықтылығын осы­дан да бағалауға болар.

Айша бала күнінде дизайнер болуды қатты армандайтын. Бірақ ата-анасы «сен есепке жақсысың ғой» деп, сол салаға жа­қын мамандықты таңдағанын дұрыс көрді. Бухгалтер мамандығына солай келген. Мың-миллион санмен жұмыс істейтін ісі оған еш қиын емес. Қайта ұнайды. Себебі, мамандығын құрмет тұтады.

Бүгінгі күні университетте алған сол оқуын місе тұтып отыра бермей, айына екі- үш рет білімін жетілдіруге күш жұмсайды. Өйткені, қазіргідей ақпараттық технология­ның қарыштап дамып жатқан жаһандану заманында көштен қалмау керек. Оның үстіне жастарға жаңашылдық тән. Айшаның енді қаржыгер мамандығын меңгеріп шығу­ға талпынып жүрген жайы бар.

БЕС ЖАСАР ТІГІНШІ

Баяғы бала күнгі көңіліндегі дизай­нерлік саланы да ара-арасында қолға алып жүр десек те болады. Осының алдында тігіншілік кәсіп бастаған-ды. Бірақ аяқасты­нан пандемия деген қатерлі кесел бас кө­терді де, халықтың біразы үйге қамалып, жұмыссыз, табыссыз қалып, оның да ісіне тұсау салды. Бірақ киім тігуін тоқтатқан емес. Көңілі көтеріліп, шабыты келгенде, өзіне немесе екі қызына әдемі белдемше тіге қояды.

Айша ине-жіпті қолына бес жасында алған. Бірде анасының қолы қолына жұқпай бірдеңе тоқып отырған сәтін көріп қалып, қатты қызығып, жанына отыра қалып, біраз бақылап, сосын анасының істегенін қайта­лағаны бар. Әуелі қуыршағына көйлектер тіге бастады. Одан соң 11-12 жасында өзіне жемпір тоқып алды. Сосын анасына әдемі көйлек тігіп беріп қуантқан.

Мектепті бітірген алғашқы жылы жазғы демалыста ательеде жұмыс істеген. Ең ал­ғашқы жалақысын да сол кезде алғаны есінде. Ол қолынан әдемі көйлектер тігу келетініне мақтанған сонда. Қолынан шық­қан киімдерінің сол істі сүйетіндіктен әдемі тігілгеніне сенімді еді. Ол шеберлігін солай, уақытпен санаспай, көп тігіп көп шыңдады. Әрі ине мен жіп қыз баланың көркін әсем­дей түседі деп біледі.

ӘУЕЛІ ӨЗІҢНЕН БАСТАУ КЕРЕК

Ол күнделікті тұрмыста тұтынудан бо­сап қалған пластик бөтелкелерді, шыны ыдыстарды, тіпті қағаздарды да қоқысқа апарып тастай салмайды, бәрін ерінбей-жа­лықпай, асқан төзімділікпен жинап, арнайы орынға апарып өткізеді. Ол ақша жасаймын деген ойдан емес әрине, қоршаған ортаның ластанбауына, экологияға тамшыдай болса да үлесімді қоссам екен деген патриоттық сезімнен туған қадам.

Бірде олар жаңа үйге қоныс аударатын болды. Үйдегі заттарды жинастырып, киім- кешекті буып-түйіп жатқанда қажет емес заттар, әсіресе қағаздар көп шықты. «Осы­ларды қоқысқа апарып тастағанша, неге қабылдайтын арнайы орындарға өткізбеске» деген ой еді бұл. «Тым болмаса, мына қағаздар әжетхана қағазына айналып, елге пайда­сы тисін» деп ойлағаны да есінде. Көзі ашық адам ретінде бүгінде күн­делікті тұр­мыста пай­даланып жүрген пластик­тен жа­салған бұйым­дардыңда ғасыр дертінің біріне айна­лып, бүкіл ға­ламшарды лас­тап жатқанынан хабардар, әрине.

– Пластиктен жасалған ыдыс, шөлмек, пакеттер топырақта 200 жылға жуық уақытта ыдырайтын көрінеді. Оның қалдықтары жер­ге түскен соң аталған жылдар ішінде өте ұсақ бөлшектерге ажырап, қоршаған ортаға хи­миялық заттар бөледі деседі. Сондай-ақ, оның ұсақ түйіршіктері мен химиялық қо­сындылары жерасты сулары арқылы жануар­лардың жаппай қырылуы мен адамдардың түрлі ауруға шалдығуына әкеп соғады, – де­ген Айша өзін бізге тағы бір қырынан, яғни экология жанашыры ретінде танытты.

Иә, пластик қалдықтарын тастау былай тұрсын, моншаға жағуға және ашық жерде де өртеуге мүлдем болмайды. Тіпті, олай етуге экологиялық заңнамалармен тыйым салынған. Пластик қалдықтары жанғанда қоршаған орта мен адам өміріне қауіп туды­ратын химиялық қосындылардың ауаға та­ралатынын айтудай-ақ айтып келеді эколог­тар.

Қоқыс тастайтын темір жәшіктер орна­ласқан қалалы жер белгілі, кейде уақытылы жинап әкетілмесе, қоқыстарды қаңғыған иттер тартқылап, жұлмалап, шашып кетеді. Тіпті нан қалдықтары да шашылып жатқан­да, обал-ай дейсің іштей. Нан демекші, Ал­матыда нан қалдықтарын да апарып өткізуге болатын бокстар бар екенін осы Айшадан естіп, білдік. Түсінгеніміздей, қабылдап алатындар нан қалдықтарынан жем жасай­тын көрінеді.

Айша пластиктерді, шыны ыдыстарды, алюминий бұйымдарды, қағаздарды, тағы басқа да заттарды бөлек-бөлек жинағанда, ол жұмысқа кішкентай балаларын да қатыс­тырады. Олар да осы күннен табиғатты сүюді, қоршаған ортаны аялауды, барды қадірлеуді, ысырапшылдыққа жол бермеуді үйретеді. Бұл процесс туралы әлеуметтік желідегі парақшасына да салып, кеңес сұра­ғандарға жол көрсетіп отырады.

– «Мен жалғыз өзім не өзгерте аламын, маған қарап қалған не бар» деп ойлау мүлдем қате. Әуелі өзіңнен бастау керек. Бәріміз со­лай бастасақ, әрқайсысымыз бір-бірімізден үлгі алсақ, көптің алмас асуы болмайды деп ойлаймын, – дейді жас та ойлы кейіпкеріміз.

«БІРІНШІ БОЛУ – БАТЫЛДЫҚ»

Айшаның бүгінде халықаралық ірі жо­баға айналған, «Бірінші болу – батылдық» ұранымен өтетін «Алматы марафонына» қатысып жүргеніне 4-ші жыл. Ол салауатты өмір салтын ұстанады, жүгіргенді жаны сүйеді. Табиғатпен жаны егіз.

– Он мыңнан астам адам қатысатын бұл марафонның ең үлкен дистанциясы 42 ша­қырым. Екіншісінің, яғни жартылай мара­фонның арақашықтығы – 21 шақырым. Со­сын әртүрлі кішігігім марафондар бар, олар 10 және 8 шақырымдық. Оған балалар да қатысады. Менің мақсатым – жүлде алу немесе сыйлық иелену емес. Мен өзімнің ерік-жігерімді шыңдағым келеді. Біздің ма­рафон алдындағы дайындығымызды көр­сеңіз ғой! «Алматы марафоны» деген барып қатыса салу емес, оған дейін күнделікті таңғы тәтті ұйқыңды қиып, аптасына үш рет дайындықтан өтеміз. Марафон күні нөсер­летіп жауын жауса да, ұшырып әкетер қатты жел тұрса да, «бүгін ауа райы мәз емес екен» деп үйде қалып қою жоқ, міндетті түрде сол күні жүгіру жолағына шығасың. Өзіңді темірдей тәртіпке бағындыратының қандай ғанибет мұнда! – деген Айша Мұсақанқы­зының жан-жақтылығына, сергектігіне еріксіз тәнті болдық.

БАЙЛЫҚТЫҢ  ӨЛШЕМІ

Оған Алматының табиғаты қатты ұнай­ды. Сүйікті қаласы жылы, жап-жасыл, құ­шағы әрдайым кең. Келген меймандарын міндетті түрде «Шымбұлаққа», «Медеуге» апарады.

Ол үшін патриот болу дегеніміз – өз тіліңді, жеріңді, ұлтыңды, салтыңды, дәс­түріңді сүю, қадірлеу және сол қасиеттерді ұрпағыңа бере білу. Ол балаларына дұрыс тәрбие беруді, келешекте әділетті Қазақс­танды жасайтын білікті, білімді, көзі ашық маман бола­тындай адам етіп шығаруды мақсат тұт­қан. Сондай-ақ, Отанның отбасынан баста­латынын мықтап ұстанған ана.

Оны үнемі өзі секілді спортқа жақын, әділетті, шыншыл адамдар қоршап жүреді. Оның ойынша, қазіргі жастарға уақыт, олар­дың бір-бірімен офлайн, яғни жанды түрде қарым-қатынас жасауы жетіспейді. Оны қазіргі жастардың көбіне гаджеттермен, смайликтермен сөйлесетіні қынжылтады.

Адамдармен қарым-қатынастағы басты ұстанымы – құрмет, шыншылдық. Байлық­ты денсаулықпен, біліммен және дұрыс тәрбиемен өлшейді. Бойында осы үш құн­дылығы бар адам өзгелермен қарым-қаты­наста да сүйкімді, беделді болады және ба­ғындырар биігі де көп болмақ деп есептейді.

Мәдениетті адам деп көптің көзінше түкіре салмайтын, жөнсіз ұрсысып, тәжіке­леспейтін, балағат сөздер айтпайтын, басқа­ларды тілдемейтін жандарды таниды.

Айына екі-үш кітап оқуды мақсат етіп қойған. Кейінгі оқып тауысқан кітабы – «Жизнь в ресурсе». Қазір «Стамбулды» бастады.

Кез келген адам ең бірінші кезекте ата- анасын, жақын адамдарын және денсаулы­ғын қадірлеу керек деп біледі.

Қазіргі күні біздің өмірімізді алақандай ұялы телефонмен байланыстырмау мүмкін емес. Онсыз тіпті күніміз жоқ десек те бола­ды. Айшаның өзінің ең жиі іздеп қоңырау соғатын адамы – анасы. Ол кісімен жай ғана хәл-жағдай сұрасып, даусын естігеннің өзі бойына алапат күш-қуат береді.

Әкесі – математик-ғалым кісі. Әлі де аттан түскен жоқ, жоғары оқу орнында са­бақ беріп жүр. Балаларын бала күнінен адал болуға тәрбиелеген. Жемқорлық дегенге әлі күнге жаны қас. Егер Айшаға біреулер өзін «еңбекқорсың, шыншылсың» дер болса, ол әкеден дарыған қасиет дер еді. Ал «қайы­рымды, мейірімдісің» деп мақтаса, анасы­ның ақ сүтімен дарытқаны.

Оның сұлу, мейірімді көрінетіні де сондықтан болар. Ең бастысы, ол осы­ның бәрін үш перзентіне, ұрпағына үлгі болу үшін істейді. Және оның барлық бастамасын жары да үнемі қолдап отырады. Бақыт деген осы!