Қарақалпақстандағы тәртіпсіздіктерге қатысқан күдіктілерді соттау басталды

Қарақалпақстандағы тәртіпсіздіктерге қатысқан күдіктілерді соттау басталды
Сурет: Inbusiness.kz

Бұл іс бойынша 22 адамға айып тағылған.

Өзбекстанда 1-2 шілдеде Қарақалпақстанда болған тәртіпсіздіктерге қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Бұл іс бойынша барлығы 22 адамға айып тағылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz сілтеме жасап.

Қылмыстық істі Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақ Республикасының қылмыстық істер бойынша сот алқасының төрағасы Е. Әбибуллаев бастаған Бұхара облыстық соты қарайды.

Сотталушыларға конституциялық құрылымға қол сұғу, шабуыл жасау, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қауіп төндіретін материалдарды дайындау, сақтау және тарату, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау, қасақана ауыр дене жарақатын салу, мемлекеттік және жеке мүлікке зиян келтіру сияқты құқықбұзушылықтар жасады деген айыптаулар тағылды.

Нүкіс оқиғасын зерттеген Парламент комиссиясының сұрауымен Өзбекстан бас прокуратурасы айып тағылған тағы да 107 адамды "гуманизм принципімен" бостандыққа шығарған.