Қарағандылық ұстаз халықаралық олимпиаданың 10-нан астам жеңімпазын тәрбиелеп шығарған

Қарағандылық ұстаз халықаралық олимпиаданың 10-нан астам жеңімпазын тәрбиелеп шығарған
Сурет: Inform.kz

Ұстаз Абылай Маранұлының мұғалім қызметін атқарып келе жатқанына 11 жыл болды, ол мектепте химия пәнінен сабақ береді. Осы уақыт ішінде ұстаз халықаралық интеллектуалдық сайыстардың 10-нан астам жеңімпазын тәрбиелеп шығарды. Биыл оның шәкірттерінің бірі Мадияр Қасымәлі химиядан беделді IChO халықаралық олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Абылай Саматов талапшыл болса да, өте мейірімді ұстаз. Ол бізге үнемі қолдау білдіріп, бағыт көрсетіп отырады. Ол қарапайымдылық, еңбексүйгіштік сияқты қасиеттерді бойымызға сіңірді. Абылай Маранұлы бізге моральдық қолдау көрсетіп, бізбен тең дәрежеде сөйлеседі. Ол да мектепте оқып жүргенде олимпиадалардың жеңімпазы болған және бізбен жарыстарға қатысқандағы тәжірибесімен бөліседі. Абылай Маранұлының әңгімелері бізге жаңа белестерді бағындыруға күш-жігер береді. Ұстазыма айтар алғысым шексіз. Абылай Маранұлы мен ата-анамның қолдауы мен еңбегінің арқасында химия пәнінен халықаралық олимпиадада екі рет жеңімпаз атандым. Былтыр күміс жүлдегер атансам, биыл алтын медаль жеңіп алдым» , - деді IChO жеңімпазы Мадияр Қасымәлі ұстазы туралы.

Соңғы бес жылда ұстаз Абылай Саматовтың шәкірттері химиядан IChO халықаралық олимпиадасының, Халықаралық Менделеев олимпиадасының жеңімпазы атанрған.

Сондай-ақ ол жаңартылған оқу бағдарламасына арналған химия оқулығының бірлескен авторы.

Педагог өз еңбегі үшін білім басқармасының, Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Сондай-ақ «Халықаралық олимпиада жеңімпаздарын тәрбиелеген үздік педагог» номинациясы бойынша Қарағанды ​​облысы әкімі сыйлығының, «Үздік педагог-2018» төсбелгісінің иегері.

«Маған балалармен жұмыс істеген ұнайды. Оларды ынталандыру, талантын ашу және оларға сену маңызды. Бізде дарынды балалар өте көп. Ең бастысы - әр оқушымен тіл табыса білу керек, сонда нәтиже де болады. Оларға сенім мен қолдау көрсету жаңа белестерді бағындырып, биік жеңістерге жетуге көмектеседі» , – дейді химия пәнінің мұғалімі Абылай Саматов.