Қарағандыда Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» кітабының тұсаукесері өтті

Қарағандыда Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» кітабының тұсаукесері өтті
Cурет: Baq.kz

Іс-шараға 21 елдің елшілері қатысты

Ақын Ғалым Жайлыбайдың қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арнаған «Қара орамал» кітабының тұсау кесері өтті.  «Тарихтан тағлым-өткенге тағзым» Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында ұйымдастырылған шараға 21 елдің елшілері мен елімізге танымал ақын-жазушылар келді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.
Жиын қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Еліміздің қасіретті жылдары жазылған кітаптың тұсау кесері облыс әкімінің орынбасары Ербол  Шымкентбайұлының алғысөзінен басталды.

«Еліміздің тарихындағы қайғылы кезең саяси репрессия мен ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған республикалық ғылыми тәжірибелік конференция- бабалар аманатына деген құрмет, мемлекетіміздің тәуелсіздігін арман еткен арыстарымыз бен халқымыздың зиялы қауым өкілдеріне рухани тағзым ету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінде: «Төл шежіреміздегі қайғылы кезеңдерді ұлттық бірегейлігімізден бөле-жару мүмкін емес. Сондықтан біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз және тарихтан тағлым алып, мұндай тауқымет енді ешқашан қайталанбауы үшін  бәрін жасайтын боламыз!» деген еді. Осы міндетті жүзеге асыру әрбір Қазақстандықтың парызы! Тарихымызды білген жастарымыз өткенге бас иіп, тағзым етіп, жаңа Қазақстанның болашағын жарқын, тәуелсіздігін бекем ететініне кәміл сенемін!»,- деді ол.


Қазақтың көрнекті ақыны, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбайдың «Ғасырдың қайғысы, адамзаттың аза жыры- «Қара орамал» поэма-реквиемі әлемнің 16 тіліне аударылған. Кітапта- поэма аударма нұсқаларымен топтастырылған. Жинаққа енгізілген тарихи суреттер мен көркем туындылардың авторлары: «Атом» халықаралық антиядролық қозғалысының мүшесі, қылқалам шебері- Кәріпбек Күйіков пен есімі Еуропаға танымал суретшіміз-Алмагүл Меңдібаева. 
Кітаптың тұсау кесу рәсімін заң ғылымдарының докторы,профессор- Нұрлан Дулатбеков пен кітап авторы- Ғалым Жайлыбай кесті. Ақын келушілерге арнап сөз сөйлеп, кітаптың шығуына атсалысқан жандарға алғысын білдірді.

«Қазақ елі шаңырақ көтеріп, уығын шаншып жатқан ел. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ХХ- ғасырдағы Сталиндік саяси қуғын-сүргіннің бағасын беруді күн тәртібіне қойды. Сондай зұлматтың бір көрнісі- біздің Қарағанды жерінде құрылған- Карлаг лагері. Осы жылдар ішінде 1,5 миллион адамзаттың асылдары, аналар мен балалар ұлтына, ұлысына қарамай осы Карлагтың қаһарлы азабын бастан кешірді.Аударылып, жарыққа шығып отырған «Қара орамал» поэма-реквиемі-бұл аза жыры, көз жасы мен қасіреттің толғауы» деді ақын.

Жиын барысында ақын «Қара орамал» кітабынан үзінділер оқыды. «Мамочкина моласы» өлеңі осы реквиемнің шығуына себепкер болған еді. Бұл молада Карлаг тұтқындары-әйелдер мен балалардың мүрделері жерленген. Зират- Қарағанды облысы, Абай ауданындағы Жартас кентінің аумағында орналасқан. Карлагта ересектермен бірге халық жауларының балалары да мерзімдерін өтеді. Жаңа туған балаларды аналарынан тартып алып, балалар комбинатына тапсырады, оның да вахтасы бар, қақпасы бар. Барактары және тікенек сымдары кәдімгі түрмеден еш айырмашылығы жоқ. Карлагта осындай 7 мекеме болған. Мұрағат деректері бойынша мұндай үйлерде балалар өлімі өте жоғары еді. Мәселен 1941-44 жылдары 924 бала, 1950-52 жылдары 1130 сәби опат болған. 
Осылай Сталиндік жүйенің зорлығы, қорлауы, өткен ғасырдың қасіретті кезеңі бейнеленген «Қара орамал» шығармасы оқырманына жол тартты. Тұсау кесер рәсімінен соң көрерменге «Қара орамал» поэма-реквиемінің желісімен дайындалған театрландырылған қойылым көрсетілді.