Қапшағайдағы казинолар миллиардтаған теңге салық төлемеген

Қапшағайдағы казинолар миллиардтаған теңге салық төлемеген
Сурет: Ашық дереккөзі

Ойын мекемелерінің үстеме кірісі 2,6 млрд теңгеден асты

Алматы облысының прокуратурасы Қапшағай су қоймасы аумағында орналасқан ойын мекемелерінің қызметіне тексеру жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Прокуратура өкілдері ойын мекемелерінің қызметін бұрын ешкім кешенді тексермегенін атап өтті. Тексеру кезінде 2019 жылдан бергі кезең қамтылған.

«Казино мен ойын мекемелері алдын ала есептеулер бойынша миллиардтаған теңгеге салық төлеуден жалтарған. Қазіргі уақытта прокуратураның талабы бойынша салық қызметкерлері жоспардан тыс тексерулер жүргізіп жатыр, соның нәтижесінде жалтарудың түпкілікті сомасы анықталады», – делінген облыстық прокуратура таратқан ақпаратта.

Қадағалаушы органның мәліметінше, ойын автоматтарының барлық залдарында "Ойын бизнесі туралы" Заңның 12-бабының 6-тармағында көзделген, яғни клиентке 95%-дан кем емес ұтыс пайызының сәйкессіздігі анықталды.

«Шын мәнінде, ойын автоматтарының жеке залдарында келушілердің ұтыс пайызы 25%, 30% және 51% болған. Осы сәйкессіздік нәтижесінде ойын мекемелерінің үстеме кірісі 2,6 млрд теңгеден асты, бұл қаражат мекеме клиенттерінің ұтысы болуы тиіс еді», - делінген хабарламада.