Қанттың қымбаттығынан мыңдаған кәсіпкер банкрот болуы мүмкін

Қанттың қымбаттығынан мыңдаған кәсіпкер банкрот болуы мүмкін
Сурет: Gazeta.ru

Ірі бизнес қант тапшылығына шыдаса да, кофехана мен кондитерлік дүкен сияқты шағын кәсіпкерлер қатты қиналып жатыр.

Ресми мәліметке сәйкес, 60 мың қоғамдық тамақтану орындары қиын жағдайға тап болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Қазақстанда қанттың бағасы шарықтап кетті. Соның салдарынан мыңдаған кәсіпкер банкрот болуы мүмкін.

Дәмхана мен мейрамханалар пандемия кезінде біраз клиенттен айырылып қалды. Ал қант қымбатшылығы жығылған үстіне жұдырық болды. Кейбір аймақтарда қант мүлдем жоқ, я болмаса, бағасы удай.

Бизнесмендерге тамақ ақысын көтеруге болатын еді. Бірақ олай істесек, клиенттерден біржола айырыламыз дейді.

«Бүгінде ас мәзіріндегі тағамдардың 90 процентінде қант қолданылады. Наннан бастап ет және тағысын тағы. Маринад бар, сан алуан соустарға да қосады. Қазір қанттың бағасы космос болып кетті ғой. Келісіне 800-900 теңге сұрайды. Ал бізге бағаны көтерген тиімсіз. Себебі пандемия кезінде онсыз да клиенттердің 30 проценті кетіп қалды», - дейді қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова.

Ірі бизнес қант тапшылығына шыдаса, кофехана мен кондитерлік дүкен сияқты шағын кәсіпкерлер қатты қиналып жатыр. Оларға күн сайын шамамен 100 келі қант керек. Сол сияқты наубайханаларға да айына кем дегенде 500 келі қант қажет. Ал оның бағасы күрт көтерілгеннен кейін миллиондап ақша шығаруға тура келіп отыр.

«Біз банкроттық жағдайға тап болдық. Шикізат жоқ, жұмыс жоқ. Енді не істейміз? Бүгін бе, ертең бе, жабылуымыз мүмкін. Өнім жасайтын шикізат жоқ. Иә, бағаны көтеріп, соның есебінен қант алсақ та болатын еді. Алайда ондай жағдайда жай нанның өзі 500 теңге болады, ал қарабидай наны 1000 теңге болып кетеді», - дейді кәсіпкер Екатерина Васильева.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев күзге қарай жағдай түзеледі деп отыр. Бірақ қазірдің өзінде қанттың ең төмен бағасы шамамен бір келісі 595-600 теңге болуы қажет екен.

Ал Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов екі апта бұрын екі сауда желісінен бір келі қантты 470 теңгеге сатып алған.

«Қазір ол желіде 480-нен сатып жатыр», - дейді Сұлтанов.