«Қаңтарда» қираған ғимараттар қашан қалпына келтіріледі?

«Қаңтарда» қираған ғимараттар қашан қалпына келтіріледі?
Сурет: Inbusiness.kz

Бұл туралы Роман Скляр айтты.

Оның айтуынша, қаңтар оқиғасы кезінде еліміздің сегіз облысындағы 42 қоғамдық ғимарат бүлінген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Соның бірі – Алматыдағы Президент резиденциясы. Өздеріңіз білетіндей, бұл нысанды бұзу туралы шешім қабылданған. Бүгінде 41 нысанға 31 миллиард 100 миллион теңге бөлінді. 37 нысан қалпына келтірілді. Осы айда Жетісу облысы әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіру жұмысы аяқталады, наурыз айында Алматыдағы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және ақпарат орталығының ғимараты мен қатты бүлінген Алматы қаласы әкімдігінің ғимараты қалпына келтіріледі. Оны қайта қалпына келтіру жұмысы осы жылдың екінші тоқсанында аяқталады», - деді ол.

Оның сөзінше, Алматыдағы телерадиокешенді қалпына келтіру мүмкін болмағандықтан, бұзу жөнінде шешім қабылданды.

Сондай-ақ Премьер-Министрдің бірінші орынбасары 350 коммерциялық нысанның бүлінгенін айтты.

«Бүгінде оның бәрі қалпына келтірілді. 1789 кәсіпкерлік субъектісі келтірілген залалды тікелей өтеуге өтініш білдірді, шағын және орта бизнес субъектілеріне 16 миллиард 700 миллион теңге толық көлемде өтелді», - деді Роман Скляр.

Бас прокурор Берік Асылов Мәсімов ҰҚК ғимараттарын тастап кету жөнінде бұйрық бергенін айтты.