Қаңтар оқиғасы: Қаза тапқандардың отбасыларына 1 млрд теңге көмек берілді

Қаңтар оқиғасы: Қаза тапқандардың отбасыларына 1 млрд теңге көмек берілді
Сурет: Akchabar.kg

Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапты.

Бас прокуратура қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың отбасына көрсетілген материалдық көмек туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Egemen.kz cілтеме жасап.

«Бүгінгі күні «Қазақстан халқы» қоғамдық қоры қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың отбасыларына 1,1 млрд теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті», - деп хабарлады Бас прокуратура. 

Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапты, оның 219-ы бейбіт тұрғындар, 19-ы құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Осы оқиғалардың салдарынан 16 медицина қызметкері, 34 өрт сөндіруші және 8 құтқарушы дене жарақатын алды.

«Сотқа барлығы 673 қылмыстық іс жолданды, олар бойынша 1222 адам сотталды, оның ішінде 160 адам бас бостандығынан айырылды», - деп толықтырды Бас прокуратура.