Қаңтар оқиғасы: Алматы әуежайында дүкен тонаған үш адам ұсталды

Қаңтар оқиғасы: Алматы әуежайында дүкен тонаған үш адам ұсталды
Сурет: Wfin.kz

Олар апалы-сіңлілі және біреуінің күйеуі, үшеуі де Алматы облысының тұрғындары.

Ұсталғандардың үйінен 130 түрлі парфюмерлік және косметикалық өнім табылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Көліктегі полиция қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде Алматы әуежайында дүкен тонаған үш адамды ұстады. Олар қолды еткен тауардың 200-ден астам түрі тәркіленді.

ІІМ көліктегі полиция департаментінің жедел тергеу тобы Алматы әуежайындағы дүкендерден тауар ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Көліктегі полиция департаментінің бастығы Онал Бәкиевтің айтуынша, бейнебақылау жазбаларын қарау кезінде үш күдікті анықталды: апалы-сіңлілі және біреуінің күйеуі. Үшеуі де Алматы облысының тұрғындары.

«Олар 6 қаңтарға қараған түні жаппай тәртіпсіздік кезінде әуежайда біреудің мүлкін ұрлаған. Күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша тексеру кезінде заттай айғақ – элиталық алкоголь, сондай-ақ 130 түрлі парфюмерлік және косметикалық өнім алынды. Сонымен қатар кофеханадан, кәдесый дүкенінен және дәріханадан ұрланған 94 түрлі тауар тәркіленді», - деді көліктегі полиция департаменті бастығы Онал Бәкиев.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабына сәйкес («Ұрлық») сотқа дейінгі тергеу басталды. 40 жастағы ер адамға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді, 34 жастағы және 26 жастағы екі әйел жас балаларының болуына байланысты ешқайда кетпеу туралы қолхат өткізді.