«Канело, кел! Мен дайынмын!»

Кәсіпқой бокс

Қазақ боксшысы Қанат Ислам өткен жексенбіде шаршы алаңға қайта оралды. Ол Майами (АҚШ) қаласында өткен бокс кешінде эквадорлық Джейсон Минданы (14-4-1, 8 КО) нокаутпен жеңді.

Әуелі Исламның қарсыласы ганалық Ободои Саи (35-3-1, 26 КО) болуға тиіс еді. Бірақ белгісіз себептермен қарсылас жекпе-жекке бірнеше күн қалғанда өзгерді. «Жендет» деген лақап аты бар Минда болса, кәсіпқой бокстағы ғұмырын 2014 жылы бастаған. Алғашқы 14 кездесуінің біреуінде ғана (отандасы Антонио Оклспен) тең түсіп, басқа қарсыласының бәрінен басым болған. Бірақ жекпе-жектің барлығын өз елінде өткізіп келген-ді. Шет ел шаршы алаңындағы алғашқы және одан кейінгі кездесулерінің бәрінде Минданың жолы болған жоқ. 2017 жылы Мәскеуде ресейлік Магомед Мәдиевке есе жіберді. Одан кейін Китоға оралып, жергілікті Давид Арболеданы жеңгенмен, кейінгі сыртта өткізген екі кездесуінде қарсыластарынан ұтылды. Соңғы рет ол өткен жылдың қараша айында мексикалық кіші Хулио Сезар Чавеспен жұдырықтасып, төртінші раундта техникалық нокаутпен жеңілді.

Ислам мен Минданың кездесуі X раундқа жоспарланған еді. Дегенмен, отандасымыз бірден белсенді жұдырықтасып, төртінші раундта қарсыласын бір есеңгіретіп алды. Қарқынын сақтай отырып, Қанат жетінші раундтың басында Минданы тағы бір рет тізерлетті. Осы раундтың соңғы секундтарында Исламның оң қолынан қатты соққы жіберген ганалық боксшы көп кешікпей орнынан тұрғанмен, төреші жекпе-жекті жалғастыруға рұқсат бермеді.

Кездесуден кейін сөз алған Қанат бұл жеңісін Жаңатаста өрт кезінде қайтыс болған бес сәбидің рухына арнады. Ол жалпы елді, билік өкілдерін адам өміріне сергек қарауға шақырды.

Кездесу қарсаңында Ислам алдағы уақытта орта салмақтағы барлық мықтымен жұдырық түйістіруге дайын екенін айтқан-ды. Минданы ұтқан соң да ол осы сөзін нықтай түсті.

«Мен осы кездесу алдында ұзақ дайындалдым. Командама оралдым. Бұл жақсы қарсыласпен жақсы жекпе-жек болды. Миндаға рахмет, ол осал қарсылас емес. Мен бәріне дайынмын. Бұрын да айтқанымдай, мен Қытайда тудым, Қазақстанда тұрамын. Мен – түркімін, мен – мұсылманмын. Фанаттарым қанша екенін осыдан-ақ білуге болады. Канело менімен жұдырықтасуға тиіс! Рамазан айы жақындап келеді. Оразадан кейін мен осы жерге ораламын» деді ол.

«Кіммен кездескіңіз келеді,» деген ринг-анонсердің сұрағына:

– Маған Канело керек. Канело, vamos! Кәне, шық, екеуміз жұдырықтасып көрейік, – деді Қанат Ислам.

Соңғы рет қазақ боксшысы 2019 жылдың қазан айында намибиялық Уолтер Каутондоквамен кездесіп, WBO International атағын сақтап қалған еді. Енді Ислам жанкүйерлер алдына мамыр айында қайта шығуы мүмкін. Одан кейінгі кездесуі күзге қарай өтеді.

Ал қостанайлық ауыр салмақтағы боксшы Жан Кособуцкий Германияның Гамбург қаласында өткен бокс кешінде WBO International атағын өзінде қалдырды. Ол нигериялық Онориоде Евариемемен кездесіп, төртінші раундта нокаутпен жеңіске жетті. Жекпе-жек 12 раундқа жоспарланған еді. Бірақ африкалық боксшы ұзақ шыдай алған жоқ.

Бұл – Кособуцкийдің он бесінші жеңісі, он төртінші нокауты. Отандасымыз ешбір қарсыласына есе жіберіп көрген жоқ. Әуелде ол чехиялық Павел Соурмен (13-3, 8КО) кездеседі делінген еді. Алайда, Соур коронавируспен ауырып, жекпе-жектен бас тартты.

Естен САБАЛАҚ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close