Қандай мұғалімдердің жалақысы жоғары болады?

Қандай мұғалімдердің жалақысы жоғары болады?
Сурет: Aikyn.kz

Жыл сайын педагог мамандардың жалақысы 25 пайызға өсіп отырады.  

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қандай мұғалімдердің жоғары жалақы алатыны туралы айтты,  деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Бүгінде жыл сайын педагог мамандардың жалақысы 25 пайызға өсіп отырады. Осылайша, мұғалімдердің жалақысын екі есеге көтеру жоспарланған.

«Біз барлық мұғалімдердің жалақысын 25 пайызға көтердік. Ол жағынан ешқандай шектеу жоқ. Бірақ өз шеберлігін көрсетіп жүрген мамандар сәл жоғары алады. Мәселен, химияны немесе физиканы ағылшын тілінде беретіндер көбірек жалақы алады. Магистр дәрежесі болса, тағы 30 мың теңге қосылады», - деді Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, кез келген мұғалім ағылшын тілін үйреніп, магистр дәрежесін ала алады. Сөйтіп, көбірек жалақы алуға мүмкіндігі бар.

«Барлығына бірдей жағдай жасалған. Ал еңбек өтілі көп ескерілмейді», - деп атап көрсетті Аймағамбетов.

Осы орайда министр жас мамандарға қатысты талаптың күшейтілгенін де еске салды. Былтырдан бастап жас педагогтар мектепке жұмысқа тұру үшін тестілеуден өтеді. Оның нәтижесі көңіл көншітерлік емес.

«Өткен жылы 33 мыңға жуық адам тест тапсырған. Олардың 90 проценті наразы болды. Бірақ тест кезінде түлектердің көбісі төрт жыл бойы математика факультетінде оқыса да, мектеп бағдарламасы бойынша өте алмады», - дейді Аймағамбетов.