Қалай көңіл айтып жүрміз?

Қалай көңіл айтып жүрміз?

«Сүрінбейтін тұлпар жоқ, Қанаты бүтін сұңқар жоқ. Төрт құбыласы тең келер, Бұл дүниеде сұлтан жоқ». Қазақ адам баласының бәрінің басына түсетін қайғыны осылай бір ауыз астарлы сөзбен жеткізген.

Қазір әлеуметтік желі деген «құдірет» шықты. Fаcеbook, Instagram, Telegram дейсіз бе, адамдардың біреудің қайтыс болғанын жеткізген, бір-біріне көңіл айтқан посттарын да сол әлеужеліден оқитын болғанбыз бүгінде. Өзінің марқұммен әлдебір жерде түскен суретін салып, астына бір ауыз сөз жазады да, «иманды болсын» деп түйіндейді. Осындай жазбалар кейде бізге қазаны аза тұту емес, өзін жарнамалау сияқты болып көрінетіні бар. Себебі, сол жазбасынан соң, іле-шала қоғамдағы әлдебір оқиғаға пікір білдірген, пікір білдіре отырып «ішек-сілесі қатқан» смайлигін де қоса салған посттары шыға келеді. Сонда бұл пақырыңның шын қайғырып отырғанына кәдімгідей күмәнданып қаласың.

Қыз-келіншектер де қалыспайды. Бұрынғылардың «әйел баласы қаралы хабарды жеткізбейді, балалап кетеді деп ырымдаған» дейтінін естуіміз бар еді. Қазаны елуден асып, ел ағасы болған ер азаматтар жеткізген негізі.

***

Өзім білетін оқиға. Ойын баласымыз. Аулаға үйге сирек бас сұғатын, үнемі ат үстінде жүретін пошташы аға мен көрші ата енді. Үлкен кісілер ләм-мим деместен үнсіз үйге кіріп кетті. Дәл ауланың ортасында құмкесектен қаланған ошаққа нан жауып отырған шешеме көз де салмады. Әрине, ол тұста әлдебір оқиғаны салмақтай қоятындай жаста емеспіз, дегенмен қолындағы көсеуімен оттағы шоқтың көзін ашып отырған анамның бір жағына қарай сәл қисайыңқырап барып, түзеліп алғанын байқап қалдым. Сосын орнынан көтеріліп, етегін қағып-сілкіп, аяғын ақырын басып, әлгі кісілердің соңын ала үйге кіріп бара жатты. Сезді, әрине, жаманат хабарды.

– Бекем бол, келін шырағым! Ниязың келмес сапарға кетіпті. Қазір ғана хабар алдық, – деген «Поштақайнағасы» облыстық ауруханада жатқан ағамның қазасын осылай жеткізген болатын. Ал үнсіз, қимылсыз қалған анам босағаға отыра кетті. Омырауын жас жуып бара жатқаны да көз алдымда қалыпты. Ауладағы ошақ пен үй арасында келе жатып бойын тіктеп ұстауға тырысып, өзін бекемдеп алғаны неткен ұстамдылық десеңші!

***

Естіртуді ескінің қалдығы деп емес, ежелгі есті ғұрпымыз деп қабылдаған абзал. Мәселен, Жиренше шешенге – Қарашаштың, Абылай ханға – Бөгенбай батырдың өлімін, Шыңғысқа – Шоқанның қазасын естірту үлгілері бізге келіп жеткен.

Туған-туыстың қазасын естіртуші хабарды түйеден түскендей дүңк еткізіп айта салмаған. Әңгіме әріден қозғалып, қамшының сабындай қысқа өмірдің жалғандығы тұспалданған. Әңгіме ауанынан бір жаманаттың болғанын сезе бастайтын кім-кім де өзін бекем ұстауға тырысып, оқиғаға іштей әзірленеді. Міне, естірту салтының философиялық мәні де осында жатыр.

Бірде Қанжығалы Саққұлақтың Нұралы деген ұлы қайтыс болып, әке қайғыдан басын көтере алмай жатып алыпты. Оны естіген көрші Қарауыл, Жауар елі көңіл айтуға бармақ болып, барған соң көңіл айтуды сақау Мұса дегенге тапсырыпты. Үйіне кісі келсе де Саққұлақ басын көтермей жата беріпті, ал көңіл айтады деген Мұса төмен қарап отыра беріпті. Келген елде үн жоқ дейді. Бір кезде Саққұлақ басын көтеріп алып: «Уа, Мұса, неге үндемей жұртты аузыңа қаратып отырсың?», – депті. Сонда Мұса: «Алты ауыл Әжібек, жеті ата Жеті ру, төрт ата Қамбар-жанбар – бүкіл Қанжығалыны қарыңа іліп алып жүрген Саққұлақ едің. Құдай саған бес ұл берді, төртеуін өзің алып, біреуін халыққа бердің. Өзің алған төрт ұлың аман, халыққа берген ұлыңды құдай алды, елің жесір қалды. Жесір қалған елге сіз көңіл айтар, біз елге қайырын берсін айтармыз деп келіп едік, бізге айтқан көңіліңіз жоқ, я амандығың жоқ болған соң не айтарымды білмей дағдарып отырғаным ғой», – депті. Сонда Саққұлақ: «Әй, сақауым-ай, ерді оң тастай ма, не сол тастай ма деп жатыр едім, жарайды, оңға тастадың, ендеше көңілді мен айтайын», – деген екен.

***

Бір азаматтың інісі қайтыс болды. Жас өлім жақын-жуықтарының қабырғасын қайыстырып кетті. Бауырын туған топырағына жерлеп қайтқан соң, көп адам басымызды қосып әлгі отбасына көңіл айтуға бардық.

Қазаның жеңілі болған ба, қашан да тіп-тік жүретін, жауырыны қақпақтай жігіт ағасы бізді көріп еңкілдеп жылағанда, жұбатуға сөз де таппай қалдық. Ауыр қасіреттен сәл-пәл шөгіңкіреп кеткендей көрінді бізге.

Алдымызға үлкен ас келді. Жұмыс арасындағы түс мезгілін пайдаланып келіп отырсақ та, тамақты қарбытып жеуге батылымыз жетпей, жас өлімге біздің де жүрегіміз қарс айырылып отыр. Ал сол жағыма жайғасқан етжеңді екі әйелдің әңгімесі мынау.

– Былтыр жазда кірген үйлері осы екен ғой, – деді бірі.

– Иә, үлкен екен. Моншасын байқадың ба, үйдің ішіне салыпты, – деді екіншісі сыбырлай сөйлеп.

– Ақшасы бар жігіт қой, салмағанда! – деді қараторы біріншісі.

Пендеміз ғой!..

Көпшілік қазір марқұмның «жетілігін», «қырық күндік асын» да кафе, мейрамханаларға береді, тілекші адамдар қалып қоймай тегіс қатыссын, үйге сыймай қалар деген ниеттен ғой, әрине. Сондай сәттерде сіз де байқаған боларсыз, бәлкім, кейбір әйелдер мойындарына баланың басындай кулоны бар тросс алтын алқаларын, жалт-жұлт еткен бағалы сырға-сақиналарын тағып келеді. Бейне бір тойға, көпшілікке өзін көрсетуге келгендей. Сондай сәттерде көңіл айтуға немесе асқа барғанда да иығымызға іліп баратын киімнің қазаға сай өз әдебі болса дейсің іштей.

***

Ауылда үйінен шықпайтын, ешкіммен араласпайтын бір апа болған. Тұйық кісі еді. Бет-әлпеті қара, көзі шүңірейген, сөзге сараң болғасын ба, бала көңілімізге әлгі кісі аса суық, сұсты көрінетін. Қызығы сол, балаларының бәрі көпшіл-тін. Әкелеріне тартқан болар, ауыл арасындағы той-томалаққа сол апаның күйеуі баратын. Бірде сол отбасының тұңғыш баласы өз қорасында асылып қалды. Ол тұста «асылып қалды, өз-өзіне қол жұмсапты» деген секілді әңгімелер мүлдем естілмейтін, үлкен-кіші кәдімгідей үрейленіп қалдық. Сол апаның кейін таң ата салысымен ауыл сыртындағы бейітті бетке алып кетіп бара жататынын жиі көретін болдық. Үлкендерден естуімізше, ұлының моласына барып қайтатын көрінеді. Қазір ойласам, өзін қоярға жер таппай, қайғысын жеңілдету үшін зиратқа барып, ұлымен тілдесіп қайтатын болған-ау.

Мамандардың айтуынша, біріншіден, басқа түскен қайғыны ұмытуға еркіңнен тыс күш салудың қажеті жоқ деседі. Себебі, жаныңды жаралап кеткен қаралы оқиғаның жуық арада естен шыға салуы мүмкін емес. Сондықтан іштегі қайғысын жақын-жуықтарына, достарына айтып, сыртқа шығарып, жеңілдеп отырған дұрыс көрінеді. Екіншіден, сол оқиғаны алдағы күндерге жалау етіп, өткенмен өмір сүру мүлдем қажет емес. Себебі, жан бөлек, ол кеткенмен, сіз тірісіз, өмір жалғасып жатыр. Алда әлі талай қуанышты таңның атарына сену керек.

***

Үнемі ерік-жігеріне сүйеніп үйренген мықты жандар қандай қайғыны да қасқайып тұрып қарсы алып, сонымен күресуге тырысады екен. Мәселен, біреулер Аллаға жүгініп, жанына тәңірден медет сұрап, ақ жолға түседі. Мешітке келіп, жүрегіне тыныштық ұялатады. Ал кейбіреулер жан жарасын  емдеу, сауықтыру үшін түрлі қайырымдылық  ұйымдарында жұмыс істеуге талпынатын көрінеді.

Кездейсоқ қайғы жамылған адамның психикалық ауруға шалдықпауының бірден-бір жолы – оның етжақындарының қолдауына  ие болуы дейді жантанушы мамандар. Қасірет шеккен көп адам әдетте оқшаулануға, өз ойымен өзі қалуға бейім келеді. Ол жалғыз қалдыруын өтініп сұраса да, жанынан бір елі де кетпеген абзал. Оның қайғы туралы сағаттап айтар әңгімелері сізді жалықтырар болса да, тыңдаңыз. Ішіндегісін шығарсын. Әрине, сіз оның ішін ашытқан, қан жылатқан қайғысын дәл өзіндей сезіне алмассыз, бірақ жеңілдетуге сөзсіз үлес қосасыз.

Осынау жалған өмірдің күнгейі мен көлеңкесі қатар өріледі осылай. Айнала шым-шытырық, қым-қуыт тірлік. Соның ішінде жүрген біздердің әрқайсымыздың жүрегімізде бір қуаныш, бір мұң болатыны айдан анық. Кей-кейде жаманнан көңілің қалып түңілсең, жақсының адамшылығын көріп қуанасың. Қуаныштан кейін қайтадан әлдебір сәтсіздік, реніш болмаса, бәлкім жақсы күндердің қадірін білмес пе едік, кім білсін. Иә, нөсерлі жаңбырдың артынан міндетті түрде күлімдеп күн шығатынын ұмытпайық.

Амандық болсын!