Қаланың бас жоспарына бағынбаған құрылыс компанияларын жазалау керек - сәулетші

Қаланың бас жоспарына бағынбаған құрылыс компанияларын жазалау  керек - сәулетші
Сурет: Inform.kz

Құрылыс компаниялары қаланың бас жоспарына бағынбайды.

Бұл мәселені сәулет және қала құрылысының өзекті түйткілдері талқыланған брифинг барысында сәулетші Алексей Абилов көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің елде қаланың бас жоспары өз бетінше, ал салынып жатқан нысандар өз бетінше жүреді. Құрылыс компаниялары бас жоспарға бағынбайды. Осылайша, шынайы өмірде тұрғындардың өмір сүруіне қолайсыз нысандар бой көтереді. Жоспарда қаншама есептеулер мен болжамдар көрсетіледі. Дегенмен, оны сызып болған соң, «қалған іс біздің шаруамыз» деп құрылысқа қаржы құятын инвесторлар кіріседі. Бұл жерде нарықтық экономикаға басымдық беріліп кетеді. Бұл дұрыс емес. Мұны өзгерту керек. Өйткені, шаһардың бас жоспары сол аумақта тұратын адамдардың алдағы өмір сүру ортасын қалыптастырады. Қазір көп қабатты үйлер, тығыз орналасқан нысандар көбейіп кетті. Еліміздің ірі үш қаласындағы құрылыс адамдарға емес, көліктерге арналып салынып жатқан сияқты. Саябақ, мектеп, балабақша, дүкен, балалар ойнауға арналған орындар мен өзге де қажетті әлеуметтік нысандар ескерілмейді. Бас жоспарға бағынбай, өз қалауымен құрылыс жүргізетін компанияларды жазалау керек. Ол үшін заңға өзгеріс енгізу қажет деп есептеймін», - деді Алексей Абилов.

Еске сала кетейік, 1 тамыздан бастап Алматыда Қала құрылысы кеңесі жұмысын бастайды.