Қала әкімі жол инфрақұрлымы нысандарының құрылыс барысымен танысты

Қала әкімі жол инфрақұрлымы нысандарының құрылыс барысымен танысты
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Ерболат Досаев орындалған жұмыстардың сапасына бақылауды күшейтіп, жобаларды мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Наурызбай, Жетісу, Медеу аудандарындағы жұмыс сапары барысында жол инфрақұрылымы нысандарына арнайы барды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қаланы аралауға шыққан әкім ең алдымен Наурызбай ауданындағы Тастыбұлақ шағынауданындағы жолдардың орташа жөндеу жұмыстарымен танысты, онда ұзындығы 8,6 шақырымды құрайтын 6 көшеде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде Таутаған көшесі жөндеуден өтті. Қалған көшелер инженерлік коммуникациялардың құрылысы толық аяқталғаннан кейін жөнделеді. Осы тұста әкім туындаған сұрақтарға байланысты тиісті басқармалардың жауабын алды. Бүгінгі күні инженерлік коммуникациялар құрылысын жүргізетін мердігер компанпия келісім-шарт бойынша міндеттемелерін дұрыс орындамағандықтан, шағынауданда жол жөндеу жұмыстары тоқтап қалған. Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қазір бұл іске қатысты тергеу жүргізуде. Шаһар басшысы жоспарланған жұмысты уақытылы әрі сапалы аяқтау үшін жұмысты жалғастырудың қосымша жоспарын қарастыруға тапсырма берді.

Сондай-ақ қала басшысы Ақжар шағынауданындағы жол құрылысы жүріп жатқан аймаққа барды. Мұнда жалпы ұзындығы 45,3 шақырымды құрайтын 89 көшеге жаңа жолдар салынуда. Бүгінгі таңда 2,5 шақырымды құрайтын 10 көшеге асфальт-бетон төселді. Жол жөндеу жұмыстарын 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.  Әкім асфальт төсеу жұмыстарының сапасына қатысты ескертулер беріп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына бақылауды күшейтуді тапсырды.

Қаланы аралау кезінде Алматы әкімі Төле би көшесін қала шекарасына дейін ұзартуға арналған жол құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Осыған орай мамандар жұмысқа дайындық жүргізіп, жұмысшыларды жұмылдыру шараларымен айналысуда, бұл жұмыс 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Ерболат Досаев қала тұрғындарынан түсіп жатқан өтініштерді ескере отырып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, жыл соңына дейін «Алма сити» тұрғын үй кешеніне қатынауды қамтамасыз ету үшін Төле би көшесін Жүнісов көшесіне дейін ұзартуды тапсырды.

Жұмыс сапарының келесі нысаны – Жетісу ауданындағы Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшелерінің қиылысындағы айналма жол. Бұл нысанның құрылысы ұзаққа созылып кетті, мердігер жұмысты сапасыз атқаруда және өндірістік процестің жұмыс кестесі де бұзылған.  Осыған байланысты әкім бір апта ішінде мердігерге шара қолдануды тапсырды. Бұл жол айырығын уақытында пайдалануға беру солтүстік бағыттағы өткізу қабілеттілігін арттырып, Сейфуллин даңғылының бойындағы көлік қозғалысын 15-20 пайызға, Жансүгіров көшесінің бойындағы қозғалысты 10-15 пайызға арттыруы тиіс еді.

Сондай-ақ әкім Медеу ауданында жолдардағы ойықтар мен жарықшақтардың пайда болуының алдын алу үшін полимерлі битум негізіндегі асфальт-бетон қоспасын тәжірибе жүзінде қолдану барысымен танысты. 2022 жылдың 16-17 шілдесінде Гоголь көшесінің үш учаскесіндегі автобус жолының солтүстік жағында осы жол-құрылыс материалын тәжірибелік пайдалану бойынша жұмыстар жүргізілген болатын. Мамандар бұл технологияның тиімділігі мен жабынның жай-күйін жыл бойы бақылап отыратын болады.

Қаланы аралау қорытындысы бойынша Алматы әкімі орындалған жұмыстардың сапасына бақылауды күшейтіп, жобаларды мерзімінде аяқтауды тапсырды.