Қақпаға гол соққан Роналду үйреншікті «Si-i-i-u-u!» деудің орнына сәжде жасады

Қақпаға гол соққан Роналду үйреншікті «Si-i-i-u-u!» деудің орнына сәжде жасады
Сурет: Astanatv.kz

Танымал футболшы Криштиану Роналду "Әл-Шабаб" командасы қақпасына соққан голына өзгеше әрекет жасады.

Футбол сүйер қауым, әсіресе, Роналдудың жанкүйерлері оның гол соққаннан кейін жүгіріп келіп "Si-i-i-u-u-u!" деп айқайлап кері бұрылатын әдеті барын жақсы біледі. Бұл жолы атақты аяқдоп шебері кезекті голынан кейін басын сәждеге қойды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Astanatv.kz-тің хабарлауынша, ойында "Әл-Наср" командасы 0:2 есебімен жеңіліп тұрып, камбек жасады. 59-минутта Роналду соққан гол командасына жеңіс сыйлады. Португалдық футболшының алыстан қия тепкен добын қонақтар қақпашысы қайтара алған жоқ. 

Роналдудың гол соққаннан кейінгі ерекше тойлауы жанкүйерлерді расымен таңғалдырды. Сәждені мұсылмандар намаз оқығанда, құран бағыштап, Аллаға құлшылық еткенде жасайды. Ал футболшының бұл жасағаны өзі тұрып жатқан елдің (Сауд Арабиясы) мәдениеті мен мұсылман жұртшылығына құрметі іспетті. 

Айта кетейік, осыған дейін Криштиану Роналду "Әл Наср" командасымен келісімшартын бұзып, Еуропа клубтарының біріне ауысқысы келетіні жайлы ақпарат тараған болатын.