Кәрім Мәсімовті қамауда ұстау мерзімі тағы ұзартылды

Кәрім Мәсімовті қамауда ұстау мерзімі тағы ұзартылды
Сурет: 24.kz.

Қылмыстық іске «аса құпия» деңгейі берілген.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларын қамауда ұстау мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Тергеу соты қамауда болу мерзімін К.К. Мәсімов пен А.Т. Садықовқа 6 желтоқсанға дейін, Д.Е. Ерғожинге 13 желтоқсанға дейін, М.С. Осиповке 22 желтоқсанға дейін ұзартты. К.Мәсімовке қатысты істі тергеу тамыз айында аяқталды», - делінген ресми ақпаратта.

Хабарламада айтылғандай, ҰҚК бұрынғы басшысына қатысты қылмыстық іске «аса құпия» деңгейі берілген.

Еске салсақ, Кәрім Мәсімов 2016 жылдан бастап 2022 жылдың қаңтарына дейін ҰҚК басшысы қызметін атқарды. Биыл қаңтар айының басында қамауға алынды.

К. Мәсімовке ҚР Қылмыстық кодекстің 175-бабы, 1-бөлігі («Мемлекетке сатқындық»), 179-бөлімі, 3-бөлігі («Билікті күшпен басып алу») және 362-бөлімі, 4-бөлігі, 3-тармағы («Билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану») бойынша айып тағылды.

Кәрім Мәсімовті қамауда ұстау мерзімі осыған дейін бірнеше рет ұзартылған болатын. Бұған дейін сот санкциясы 2022 жылдың 6 маусымына дейін берілген еді.

Қылмыстық істі тергеу тамыз айында аяқталды.