Кадеттер әскерлерде тағылымдамадан өтеді

Кадеттер әскерлерде тағылымдамадан өтеді
Сурет: Министрлік

Бір ай ішінде олар күнделікті және оқу-жауынгерлік қызмет процесінде жеке құрамды басқарудың негіздерін игеруі керек.

Щучинск қаласында орналасқан Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігі әскери колледжінің кадеттері Құрлық әскерлерінің құрамалары мен бөлімдерінде әскери тәжірибеден өтеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Оқу бағдарламасына сәйкес, 2-курстың 180-ге жуық курсанты мотоатқыштар, танк және артиллериялық бөлімшелерде, сондай-ақ теңіз жаяу әскері құрамасында бөлімше командирі лауазымдарында әскери тағылымдамадан өтеді. Тәжірибе бөлімшелерді үйлестіру кезеңінде ұйымдастырылып отыр. Бұл өз кезегінде болашақ сержанттарға әскерлерді даярлау және жауынгерлік қолдану ерекшеліктерімен тікелей танысуға мүмкіндік береді.

Бір ай ішінде олар күнделікті және оқу-жауынгерлік қызмет процесінде жеке құрамды басқарудың негіздерін игеруі керек. Курсанттар тағылымдама барысында бағыныстыларды өз бетінше басқаруға, жауынгерлік даярлық, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану бойынша сабақтар өткізуге тәжірибе алады. Сондай-ақ көшбасшылық және командирлік қабілеттерін жетілдіреді.

– Бұл мен үшін де, курстастарым үшін де оқу орнында алған теориялық білімімізді тексеруге және тәжірибеде қолдануға тамаша мүмкіндік. Мұнда казармалар мен полигондарда жеке құрамды басқара отырып, біз сержанттар жұмысының қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Қазірдің өзінде нағыз командир, сарбаздарға үлгі болуға тырысамыз, – деді 4-ші механикаландырылған құрамада тағылымдамадан өтіп жатқан кадет Расул Бердалиев.

Айта кету керек, Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледжі кәсіби сержанттар мектебі болып табылады. Бұл жерде Құрлық әскерлерінің бөлімшелері үшін кіші командирлерді даярлау бойынша білім беру бағдарламаларын іске асырады. Жасөспірімдер оқу орнына орта білім алғаннан кейін (орта мектептің 11 сыныбы) түсе алады.

Іріктеу медициналық куәландыру, кәсіптік-психологиялық тестілеу және дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтерді тапсыру жолымен аттестаттың орташа балы ескеріле отырып жүргізіледі. Әскери колледжді бітіргеннен кейін түлектер "сержант" әскери атағын, "әскери істегі кіші буын менеджменті" мамандығын, сыныптық біліктілігін алады және келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеру үшін Қарулы Күштерге жіберіледі.