Каддафидің ұлы Ливияда өтетін президент сайлауына қатыспақ

Каддафидің ұлы Ливияда өтетін президент сайлауына қатыспақ
Cурет: Reuters

Мемлекеттік кеңес сайлауды 2023 жылға қалдыруға шақырып отыр

Желтоқсан айында өтетін президент сайлауына елдің бұрынғы басшысы Муамар Каддафидің екінші ұлы Сейф әл-Ислам Каддафи қатысуға ниет білдіріп отыр. Ол үміткер ретінде құжатын тіркеуге өткізіп қойған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Аl-Marsad басылымының мәліметінше, Сейф әл-Ислам Себха қаласындағы өңірлік сайлау комиссиясына президенттікке үміткер ретінде құжатын тапсырған. Ливия елінің бұрынғы басшысының ұлы құжат тапсыру кезінде оның қасында адвокаты Халед аз-Заиди де болған.

Ливиядағы парламент және президент сайлауы осы жылдың 24 желтоқсанында өту керек, алайда ол үшін тиісті заң қабылдану қажет. Мемлекеттік кеңес парламент ұсынған заң нормасын мақұлдамады. Өйткені ол  фельдмаршал Халиф Хафтарды үміткер ретінде ұсынуға мүмкіндік береді. Ол Ливия президенті сайлауына түсу үшін 22 қыркүйекте Ливия ұлттық әскері бас қолбасшысы лауазымынан үш айға кеткен болатын. Мемлекеттік кеңес сайлауды 2023 жылға қалдыруға шақырып отыр. 

Муаммар Каддафидің режимі құлаған соң Ливия батысындағы Триполиде халықаралық мойындалған Ұлттық келісім үкіметі жұмыс істеп жатыр. Ал, елдің шығысын  Халиф Хафтар басшылығымен Ливия ұлттық әскері басқарып отыр.

Айта кетсек, Ливиядағы президент сайлауы 2019 жылы өту керек болған.  Алайда Халиф Хафтардың Триполиге жасаған шабуылынан соң белгілі бір уақытқа кейінге шегерілген. Ливия саяси диалог форумында президент сайлауын өткізетін күн аталған еді.