Қадағалау органының өкіліне шабуыл жасағандар 4 жылға сотталуы мүмкін

Қадағалау органының өкіліне шабуыл жасағандар 4 жылға сотталуы мүмкін
Сурет: Ашық дереккөзі

Полицейлердің тоқтау туралы заңды талабына жүргізуші бағынбады

Қызметтік міндеттерін атқару кезінде билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық жасады деген күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Үшеуі де Түркістан облысы Төлеби ауданының тұрғындары, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, қадағалау органының өкіліне шабуыл жасалды. Ол Көксайек ауылына бейбіт жиналыстар өткізу тәртібі туралы заңнаманы түсіндіру үшін келген болатын. Олар ВАЗ-2103 көлігімен қашып кетуге тырысқан ауыл тұрғындарының көлігін қуған полиция қызметкерлеріне наразылық білдірген.

Полицейлердің тоқтау туралы заңды талабына жүргізуші бағынбады. Тоқтаудың орнына басқа жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірді. Онымен қоймай жүргізуші жылдамдықты арттырып, бой тасалауға тырысты. Осыдан кейін жүргізуші көлікті игере алмай, басқа көліктермен соқтығысқан.
Апат салдарынан ВАЗ-2103 автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды, оның жолаушысы мен Audi 100 көлігінің жүргізушісі әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК 380-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Осы баптың санкциясы төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылдан төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалауды көздейді.

Ауылдың үш күдікті тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жол-көлік оқиғасына қатысты факт ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді, тиісті сараптамалар жүргізілуде. Тергеу нәтижелері бойынша оқиғаның барлық қатысушыларының іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. Іс облыс ПД басшылығының бақылауында.