«КҮТ МЕНІ» өлеңі кімдікі?..

«Күт мені» өлеңі Ұлы Отан соғысы кезінде туған озық дүниелердің бірі. Дейтұрғанмен де, бұл да тағдырлы туынды болды, оқырмандарға бірден жете қойған жоқ. Әуелде оған Симоновтың өзі де ықыласты болмаған тәрізді. Содан кейін газет редакторлары да оны жариялауға асыға қоймапты.
– Мен соғысқа кеттім, мен сүйген әйел Оралда қалды. Мен оған өлеңмен хат жаздым, – дейді К.Симонов.
Ол аса танымал кеңес актрисасы Валентина Серова еді. Оның күйеуі сынақшы-ұшқыш, Испаниядағы азамат соғысының батыры Анатолий Серов болатын. Ұшқыш 1939 жылдың мамыр айында кезекті жаттығу кезінде қайтыс болады. Алайда, оның жесірін К.Симонов құлай сүйіп, екінші әйелімен де ажырасып, қосылады.
1941 жылы 27 шілдеде «Красная звезда» газетінің әскери тілшісі К.Симонов майданнан оралады. Жаңа жолсапарды күткен ол бір жұмасын Переделкинодағы жазушы Л.Кассильдің саяжайында өткізеді.
– Мен осы бір жеті ішінде көптеген соғыс жазбаларымен қатар, бір сәтте «Күт мені» өлеңін жазып тастадым. Төңіректің табиғаты керемет. Жаздың ыстық күні. Оның алғаш тыңдаушысы Кассиль болды, – дейді ол.
Оның екінші тыңдаушысы фототілші Т.Зельма болды. Бұл – 1941 жылдың күзі болатын. Бұл өлең оған қатты ұнағаны соншалық, ол оны қайта-қайта оқыта беріпті. Тіпті, көптеген адамдар жертөледе, окопта шамның жарығымен көшіріп алып жатты. Сөйтіп, оның бір қызға арнап жазған өлеңі көпшіліктің сүйікті туындысына айналды. Осыдан соң оны ақын газетке жариялауға шешім қабылдайды. Жарты жылдан соң жарық көрді. Оның өзінде үшінші мәрте ұсынғанда жолы болады. 44-армияның «Шабуылға» газетінің редакторы оған интимдік-лирикалық өлеңнен гөрі патриоттық туындылар қажет екенін айтады. «Красная звезда» газетінің бас редакторы Давид Ортенберг те оған осындай жауап берді. Сонымен, бұл өлеңнің бірден жолы болмады. Бірде ол дәлізде «Правданың» бас редакторы П.Поспеловпен ұшырасып қалады. Олардың кеңсесі «Красная звездамен» бірге болатын. Ол Симоновты кабинетіне шақырады. Тіпті, өлеңдердің аз шығатынын, өзінің жазған бірдеңелерін сұрап кеңеседі.
– Өлеңдерім бар. Бірақ ол газет үшін емес. Ал енді «Правдаға» мүлдем келмейтін шығар, – дейді бұл.
Бірақ «Күт мені» Поспеловқа салған жерден ұнайды. Сөйтіп, 1942 жылдың 14 қаңтарында еліміздің бас газетінің үшінші бетіне жарқ ете қалады. Симоновтың аты бірден дүрілдеп кетті. Сталиннің өзі оған ілтипат білдірді. Сол жолы Константин Михайлович бірінші рет Сталин сыйлығымен марапатталды. Бұдан кейін оның бұл сыйлықтың бес рет иесі болғаны мәлім.
1943 жылы В.Серова Симоновқа күйеуге шығады. Ғашығының пьесасы негізінде түсірілген «Күт мені» фильмінде басты рөлде ойнайды. Екеуінен бір қыз туады. 1957 жылы ажырасып кетеді. Ол барлық жинақтарынан оған арнаған өлеңдерін алып тастады. Тек қана «Күт мені» өлеңінің астына «В.С.» деген сөзді қалдырды.
Осынау бір ғана өлеңмен аты дүрілдеп шыға келген Симоновтың даңқына Жеңіс күні қарсаңында әлеуметтік желіде тараған жайсыздау хабарлар көлеңке түсіргендей болды.
«Симонов «Күт мені» өлеңін ұрлап алыпты». Бұл өлеңді Николай Гумилев атылар алдында әйелі Анна Ахматоваға арнап жазыпты. Анна оны Симоновқа көрсетіп, басуын өтінген. Ол одан бас тартқан, ақыр соңы соғыс кезінде өзі пайдаланған.
«Шынымен де солай ма? «Әрі сену, әрі тексеру» деген ежелгі журналистік дағды бойынша мен бұл мәселеге ынты-шынтыммен кірістім. Екі ақынның өлеңдерінің ойы бір-біріне қарсы. Демек, ой қайталау жоқ. Оның үстіне өте нәзік стилист Гумилевтің өлең ырғақтарының ақсаңдап жатуы да сендірмейді. Сондықтан мұны Гумилев жазды дегенге де сену қиын. Оның үстіне барлық шығармаларын қарап шықтым. Мұндай өлең таппадым. Ал енді интернет желісіндегі ізденістерім В.Цехановский деген біреуге кезіктірді. Он жылдан астам уақыт бұрын желіде ол Даша деген қызға былай депті: «Күт мені» өлеңін кім білмейді? Оны жазған және туған күнінде әйеліне арнап шығарған белгілі К.Симонов. Ал енді ол өлеңді тағы да бір белгілі ақын Л.Гумилев түрмеде отырып, соғысқа дейін әйеліне арнапты. Ол әйелі Ахматовадан бұл өлеңді К.Симоновқа беруін өтінген. Симонов ол кезде әбден Сталиннің қошеметіне бөленген адам екен. Алайда, Симонов болса, бұл өлеңнің болашағы жоқ себебі, кеңес адамы Германиямен соғыс алдында бұл ойды түсінбейді деген жауап береді. Ол соғыс кезінде осы өлеңді еске алады. Өлеңнің төрт жолы алғашқы нұсқасына, Гумилевке келеді» деп жазады дейді журналист Е.Черных («АиФ», 16-23.05.2018).
«Мен ақын емеспін. Кейде өзім үшін және жақын адамдарға арнап өлең жазатыным бар», – дейді Цехановский. – Сіз өтініш жасағаннан кейін жазып отырмын».
Сонымен, нағыз автор табылды. Цехановский емес. Біз айтып отырған «плагиаттың» бәрі аңыз екені белгілі болды. Гумилевті 1921 жылы атып тастады. Оған дейін Ахматовамен ажырасқанына үш жыл болған. Демек, бірге тұрмаған. Әркімнің өз отбасы болды. Ең бастысы, Симонов ол кезде небәрі алты жаста болатын. Ондай жастағы бала қалайша Сталиннің сүйіктісі болады.
Міне, жаланың бәрі қайдан туғаны енді түсінікті болса керек.
P.S. Жазушы, әдебиет сыншысы Дмитрий Быков «Симоновтың «Күт мені» өлеңіне арналған лекциясында оны жан-жақты талқылап, Гумилевтің құлағын босқа шуылдатудың қажеттігін айтады. Ол бір әңгімесінде былай дейді. Бірде Сталин Симоновтың «Сенімен және сенсіз» атты кітабын көріп (оның ішінде «Күт мені» де бар) «Таралымы қанша? деп сұрайды. Ол «Бес мың дана» дейді. «Екеу ғана шығару керек еді. «Саған және оған» депті. Бұл да аңыз әрине, бірақ дәлел. Сталиннің Симоновты да, «Күт менін» де ұнатқаны рас.