Кәсіби музыка білгірі

Қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушы Ахмет Жұбанов пен белгілі композитор Латиф Хамидидің «Абай» операсы – ұлттық өнеріміздің келбетіне баланатын ғажап туынды. Ал Ахмет Қуанұлының «Қарлығаш» әні әр қазақтың көкейінде сайрап тұратын халық әніне айналған.

Жұбановтың шығармашылығы туралы сөз болғанда бірден:

«Құралай көз, қолаң шаш,

Алма мойын, қиғаш қас,

Сүйген сәулем Қарлығаш…», – деген әннің жолдары еріксіз ойыңа оралып, әуенін ыңылдай жөнелесің.

Ахмет Жұбанов – қазақ өнерінің классигі, еліміздегі ең алғашқы халық аспаптары оркестрін құрушы, тұңғыш консерваторияның негізін қалаушы, музыкатанушы, зерттеуші, ұстаз, көптеген музыкалық шығармалардың авторы. Оның есімі тіпті музыкадан хабары жоқ адамдарға да таныс. Бүгінде елімізде Жұбанов атындағы көше, мектеп, концерт залдары бар. Бірақ әлі күнге дейін Ахмет Жұбановтың өмірі мен шығармашылығы толық зерттеле қойған жоқ. Өйткені, белгілі тұлғаның өмірі мен шығармашылық жолы теп-тегіс, даңғыл болған емес. Бүкіл саналы ғұмырын қазақ музыкасының, ұлттық өнеріміздің өркендеуіне арнаған азамат өз жолында талай «тар жол, тайғақ кешуден» өтті, сатқындықты да, екіжүзділікті де көрді, бірақ ешқашан алған бетінен қайтпады.

Ахмет Жұбанов 1906 жылы 29 сәуірде Ақтөбе облысындағы Қосуақтам шатқалында дүниеге келген. Қазақстанның батыс өңірінде туып-өскен бала Ахмет әйгілі күйші Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Махамбеттің күйлерімен, халықтың жырларымен сусындап, ұлттық өнеріміздің мәйегін бойына сіңіріп ержетті.

Ахметтің әкесі Қуан қазақша, орысша өте сауатты адам болған екен. Ол өз балаларының жоғары білім алуына барынша жағдай жасады. Жұбановтар әулетінің ұрпақтары дарынды әрі жан-жақты екенін күллі қазақ біледі. Ахметтің бауыры Құдайберген тіл білімі саласында биік жетістікке жетті, Ахметтің өзі – өнер саласындағы тұңғыш академик. Ал Ахметтің қызы Ғазиза Жұбанова – қазақ әйелдерінің ішінен шыққан алғашқы кәсіби композитор болса, жиені Алан Бөрібаев – әлемге әйгілі дарынды дирижер. Басқа да салаларда бұл әулеттен шыққан мықты мамандар жетерлік.

Тынысбек ҚОҢЫРАТБАЕВ,
профессор, өнертанушы:

Сыншылық қыры зерттелмей жүр

– Ахмет Қуанұлы Жұбанов – Қазақстандағы музыка өнерінің іргетасын қалаған адам. Сонау 1930 жылдардан бастап Ресейде оқып жүрген кезінде-ақ ол музыка өнерін зерттеуге ден қойған. Ахмет – жан-жақты тұлға. «Қазақ композиторлық мектебінің негізін қалаушы» деп Е.Брусиловскийді айтамыз, ал Жұбанов – қазақ кәсіби музыкасының басында тұрған тұлға, ол әрі композитор, әрі дирижер, мықты ұйымдастырушы. Жұбанов ең алғаш Құрманғазының, Дәулеткерейдің күйлерін оркестрге түсірді. Кейіннен композиторлықпен де айналысқан өнер иесі «Ақ көгершін », «Москва», «Бейбітшілік туы берік қолда» секілді әндер жазды. Бұған дейін бізде көпшілікке арналған мұндай әндер жоқ еді. Ахмет Жұбанов өзі ән жаза жүріп, қазақ музыкасын зерттеумен айналысты.

1936 жылы А.Жұбановтың «Құрманғазы » деген кішкентай кітапшасы шыққан. Бұл кітапшада ол Құрманғазының өмірі мен шығармашылығы туралы жазды. Оның зерттеулерінде кейбір даталар нақты болмаса да, Жұбанов XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақ композиторларының шығармашылығын зерттеуде елеулі еңбек сіңірді. Бұл ретте оның 1942 жылы шыққан «Қазақстан композиторларының өмірі мен творчествосы» кітабын ерекше атауға болады. Ғылым академиясы ашылған кезде Жұбановқа осы кітабы үшін өнертану ғылымының докторы атағы берілген.

1950 жылдары Ахмет Жұбановтың біраз қудаланғаны белгілі. Сол кездерде көптеген әдебиет, мәдениет, өнер саласында еңбек етіп жүрген қайраткерлер қудаланды ғой. Жұбановты партиядан шығару үшін сол кездегі қатарластары, ұстаздар мен студенттер оған қарсы сөз сөйледі. Орталық Комитет қазақтың мықты авторларын бір-біріне әдейі қарсы қойып, іріткі салды емес пе? Осындай қитұрқы әрекеттерден кейін Ахметке «Бөкейханов ұрпақтарын дәріптеді», космополит, кәсіби композиторлық білімі жоқ деген секілді айыптар тағылып, жұмыстан да қуылды, атақтарының бәрін сыпырып алды.

Жұбановтың еңбектері өте көп. Өзі қайтыс болғаннан кейін де оның «Ән- күй сапары», «Өскен өнер» деген еңбектері жарық көріп жатты. Сол еңбектеріне қарап отырсақ, Ахмет Жұбанов – керемет музыка сыншысы. Сонау 1930 жылдардан бастап 1960 жылдарға дейін Алматыда өткен бірде-бір мәдени іс- шара Жұбановтың назарынан тыс қалмаған. Ертеректе «Әдебиет және искусство» журналына, басқа да баспасөз беттеріне әрбір концертке, тіпті одақтас республикалардың өнерпаздары келіп концерт қойса да, бәріне пікір жазып, өз ойын білдіріп отырған. Бұл оның сыншылығы деп айтуға болады. Жұбановтың осы қыры әлі де толық зерттелмей жүр.

Ұйымдастырушылық қабілеті, еңбегі белгілі. Ол алғашқы қазақ филармониясын, опера және балет театрын, консерваторияны ашуға атсалысты, қазақ Ғылым академиясы жанынан музыка секторын ашты.

Кезінде Ленинград консерваториясын бітіргеніне бір- ақ жыл болған Брусиловский 1936 жылы Алматыға шақыртумен келді де, бірден опералар жаза бастады. Брусиловский бұрқыратып жазып жатқан кезде Ахмет Жұбанов композиторлық білімі болмаса да, Латиф Хамидимен бірігіп «Абай» операсын жазды. Осы шығармасы үшін Жұбанов Мемлекеттік сыйлықты иеленді. Брусиловский 9 опера жазды десек те, «Абай» операсы секілді театр сахналарында жиі қойылмайды, сахнада тұрақталып қалған жоқ. Ахмет Жұбанов композитор ретінде симфониялар жазған жоқ, бірақ ол – синтетикалық жанрдың өкілі. Оның әндерінің, шағын пьесаларының көркемдік деңгейі жоғары, өнер иесі өз шамасына қарай еңбектенді. Қалай дегенде де, Қазақстандағы музыкалық ағартушылық жұмыстың басында Ахмет Қуанұлының тұратыны анық.

Керек дерек

1930–1940 жылдардан бастап Ахмет Жұбанов жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» драмасына, Мұхтар Әуезовтің «Абай» спектакліне, «Амангелді» кинофильміне музыка жазды. Камералық шығармалард ы ң ішінде «Қазақтың жеті биі», «Тәжіктің он биі» сияқты фортепианоға арналған, «Ария», «Көктем », «Жезкиік», «Романс» сияқты қобызға арналған шығармалары бар.

Ахмет Жұбановтың 100 жылдығы қарсаңында Петерборда сақталған музыканттың орындауындағы күйлерімен фонографқа жазылып алынған халық өнерпаздарының орындауындағы ән-күйлердің дыбыс жазбалары табылған болатын. Онда Жұбановтың өз орындауындағы «Ақсақ құлан – Жошыхан », «Ақжелең», «Өтті дүние», «Тепең көк» , «Ноғайлы» , «Қаратөс», «Қарабас», «Кеңес» «Штат» сияқты күйлері бар. Бұл жазбаларды Базарәлі Мүптеке мен өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім жазып әкелді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *