Көшпендiлер өмiрiн бояумен өрнектеген

11

Өтеш ӨТЕУЛIҰЛЫ

 

Мемлекеттiк Ә.Қастеев атындағы өнер музейiнде Қазақстанның халық суретшiсi, қазақ мәдениетiнiң аса көрнектi қайраткерi Әубәкiр Ысмайыловтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Әлем көшпендi бояуында» атты жеке көрмесiнiң ашылу салтанаты болды. Өнер музейi директорының орынбасары Еркiн Нұразхан мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхамедтiң, Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары Зәуреш Аманжолова қала әкiмi Ахметжан Есiмовтiң Құттықтау хатын оқып бердi. Әубәкiр Ысмайыловтың қыздары Гүлжәмила мен Гүлбарша, суретшiлер Ерлiк Мергенов пен Темiр Сүлейменов, актер Шаяхмет Имашев суретшiнiң қазақ мәдениетiне сiңiрген еңбегi туралы әңгiмеледi.

 

Қазақ және әлемдiк мәдениеттiң көрнектi қайраткерi Әубәкiр Ысмайыловтың көп қырлы дарыны мен қажыр-қайраты суретшiнi жұртшылыққа кеңiнен танытады. Шығармашылық шалқар шабытпен келген жан мықты суретшi болумен қатар, хореограф, бишi, режиссер, музыкант әрi актер болды.

Мемлекеттiк өнер музейi қоры мен суретшiнiң отбасылық коллекциясынан алынған «Әлем көшпендi бояуында» көрмесiне Әубәкiр Ысмайыловтың 1930 –1990 жылдары дүниеге әкелген 100-ге тарта кескiндемелiк және графикалық туындылары қойылды.

Ә.Ысмайыловтың шығармашылық жолының басы Қазақстандағы бейнелеу өнерiнiң қалыптасу кезеңiмен сәйкес келдi. Ол республикадағы кәсiби көркемсурет мектебiнiң негiзiн салған Ә.Қастеев пен ағайынды Қожықовтар бар ұлттық суретшiлердiң тобына жатады. 1928 жылы Ә. Ысмайылов алғашқы Қазақстан суретшiлерiнiң жылжымалы көрмесiне қатысады. Одан кейiн Омбыдағы М. Врубель атындағы көркемсурет-өнеркәсiп техникумында оқиды. 1929 жылдың аяғынан бастап Ә. Ысмайылов Мәскеуде болып, Жоғары көркемсурет-техникалық институтында бiлiм алады. 1930 жылы Мәскеу Полиграфия институтының графика факультетiне түсiп оқиды.

КСРО Суретшiлер одағы ұйымдастыру комитетiнiң мүшесi болған Ә. Ысмайылов ұлттық Суретшiлер одағын құруға көмектесу үшiн Қазақстанға келiп, 1933 жылы Қазақстанда ресми түрде Суретшiлер одағы шаңырақ көтередi. 1940 жылға дейiн Қазақстан Суретшiлер одағы ұйымдастыру комитетiнiң төрағасы болады.

1935 жылы Ә.Ысмайылов Мәскеудегi кәсiби Суретшiлер бiрлестiгiне мүшелiкке өтедi. Сонымен бiр мезгiлде мемлекеттiк Театр өнерi институтында ұлы Станиславскийдiң ассистентi И.И.Судаковтың шеберханасынан тәлiм алады. Кейiннен әрiптесi болған кәсiби театр режиссерi Ж.Шаниннен дәрiс алған ол Қазақстанға қайта оралысымен, Қазақ драма театрын ұйымдастырып, 1943 жылға дейiн еңбек етедi. Мәскеудегi қазақ өнерiнiң онкүндiгiне қатысады. Ә. Ысмайыловтың би жөнiнде iзденiп, жинаған көп жылдық еңбегi – 1961 жылы балетмейстер Д. Әбиiровпен бiрiгiп, қазақ билерiнiң энциклопедиясын жарыққа шығарды. Ұлттық кинематография саласында Ә.Ысмайылов өзiн актер ретiнде таныта бiлдi. Әр жылдары «Күту», «ККгiлдiр маршрут», «Сол күндерде», «Тақиялы перiште», «Қыз Жiбек» фильмдерiне түседi.

Ә.Ысмайыловтың көркемсурет мұрасы қазақ бейнелеу өнерiнiң «алтын қорынан» лайықты орын алды. Хас шебердiң кескiндемелiк және графикалық туындылары өзiнiң орындалу шеберлiгiмен, тақырыбы мен желiсiнiң шексiз алуандығымен, бояуының байлығымен және философиялық тереңдiлiгiмен ерекшелендi. Ә.Ысмайыловтың көрмеге қойылған «Құлпырған Алатау өңiрi», «Көртоғай», «Хан Тәңiрi етегiндегi жайлау» картиналары суретшiге тән ерекше үнiмен және шынайы эпикалық кең тыныстылығымен тартымды көрiнедi. Ә.Ысмайыловтың акварельдiк этюдтерi еркiн де жеңiл деммен орындалғандығы табиғаттан алған алғашқы әсерiмен сақталып тұрады. Ә. Ысмайылов сомдаған қазақ тарихы мен мәдениетiнiң көрнектi тұлғалары Кенесары, Абай, Құрманғазы, Жамбыл бейнелерi өз алдына бөлек туынды.

Ә.Ысмайыловтың ұзақ жылғы шығармашылық еңбегi орынды бағаланып, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгiсi» орденiмен марапатталды. 1960 жылы Қазақ КСР еңбек сiңiрген өнер қайраткерi, 1985 жылы Қазақ КСР халық суретшiсi атағы берiлдi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *