Көшелерге магнолия өсімдігі егіліп жатыр

Құттыбек АЙМАХАН
Алматының жасыл қала екендігі бұрыннан белгілі. Шаһардың сол атағын сақтау үшін қалалық әкімдік көптеген жұмыстарды қолға алып жатыр. Мысалы, биылдан бастап шаһардың қоғамдық көпшілік орындарында алғаш рет хош иісті ірі гүлдері бар, жапырағы үнемі көкпеңбек болып тұратын магнолий өсімдігі отырғызыла бастады. Олар алдымен қаладағы Қабанбай батыр және Гоголь көшелеріне отырғызылды.
Атап өтетіні, бұрын магнолий өсімдігі негізінен жеке үйлер аумағында ғана отырғызылған екен. Енді бұл ағаш қаладағы көпшілік орындарға да отырғызылатын болыпты. Алдағы уақытта шаһардағы көп көшеде магнолийдің хош иісі мұрын жарып, оның үнемі көкпеңбек болып тұратын жапырағы айналаны сәнге бөлеп тұрады.
Ендігі жерде магнолий өсімдігі жаяу жүргіншілерге басымдық беретін, қайта жөндеуден өткен көшелерде отырғызылады. Сөйтіп, жақын жылдарда оларда магнолий өсімдігімен бірге сәндік алма ағаштары да, акация, спирей бұталары, зерек және арша ағаштары сол аймақтарды хош иістерге бөлейтін болады.
Керек кеңес
Магнолия (magnolіa) магнолиялық тұқымдастарға жататын бұталар мен сәндік ағаш түрі.
Жұпар гүлдері мен әдемі жапырақтары үшін жоғары бағаланады.
Табиғатта 210 түрі кездеседі, кей деректерге қарағанда бұл тұқымдастар
14 туыс, 240 түрді біріктіреді.
Құрамында ерекше эфир майы бар.
Магнолия гүлдерінен жасалған тұнба халықтық медицинада кеңінен қолданылады.Қан қысымы мен демікпе сырқаттарына ем.