«КӨРІСУ» – САҒЫНЫШТЫҢ, ТАТУЛЫҚТЫҢ АМАЛЫ

Қазақы пайым

 Бұрынғылар наурыз мерекесін осы айдың 14-інен бастап тойлаған. Еліміздің батыс аймағында «Көрісу» деген атпен қазір де жалғасын тауып жүр… Наурыздың жаршысы көк қарға 15-іне келеді

 Халқымыз Наурыз мерекесін наурыз айының алғашқы күнінен бастап (ескіше 1 наурыз қазіргі 14-іне сәйкес), бір ай бойы мейрамдаған. Қазақтың белгілі табиғат тамыршысы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің зерттеуінде 8 күндік наурызнама (ескіше 1–8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14–21 наурыз аралығы) өтетінін жазады.

«…Көк қарға он бесінде келер,

Жиырма екісінде күн мен түн теңелер,

Бұл кезде жыл есебі берілер.

Хамал мен сәуір

Отыз бір күннен келер,

Сәуір кіргенде бәбісек шақырар.

Жыл жақсы болса

Оншақты күн бұрын шақырар…».

Атақты Бекасыл жұлдызшының «Жұлдызнама» кітабының «Наурыздың белгісі» деген тарауында осындай жолдар бар.

Осы күні Наурыздың ақша қары жауатын болған. Бұл – қазақы есеп бойынша, жылдың басы (14 наурыз). Ертеде ол «Наурыз-айт» деп мерекеленсе, қазір «Амал» немесе «Көрісу» деп, жылдың басы ретінде қабылдануда.

Бұл күні бұрынғылар (әсіресе, батыс аймақты мекендеген ағайындар) ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға төс қағыстыра сәлем береді. Көрші-қолаң бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілектер айтады.

Қазақтар аң-құстардың да тілін түсініп, олардың іс-әрекетінен алдағы күннің қалай болатындығын жобалап, соған орай қам қылған. Атап айтсақ, су құстарының мезгілінен бұрын келуі ерте көктемнің хабаршысы көрінеді. Ал керісінше, қарақұс, сауысқан секілділер ерте келсе, көктем кешігіп, мал шығыны өте көп болатынын білдіреді.

Бүгін қолданыстағы  күнтізбе бойынша, наурыздың 11-і. Ай жүйесімен айдың 27-і. Қазақша енді 3 күннен кейін жаңа ай басталады. Апта айдың басын да, ортасын да, соңын да қамтып тұр. Бұл  11–17 наурыз аралығында ауа райы құбылып, жауын-шашын болатынын білдіріп тұр…

 

БАБАЛАР АЙТАДЫ

  • Күн қызарып шықса және шығыстан ақсары шапақ сәуле

аспанға көтерілсе, таяу күндері күн суытатын болған.

  • Керісінше, көктем айларында күн қызарып батса, онда

ертеңгі күн және бірнеше күнгі ауа райы жайлы болып,

қалыпты жағдайда өтеді екен.

  • Осы айдың 15-іне жаз жұлдызы туады. Жазғытұрым

кез басталады.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *